Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирінің 23 дүркін чемпионы Серена Уильямсті ұтты

Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирінің 23 дүркін чемпионы Серена Уильямсті ұтты
фото: prosports.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жуырда 22-ге толатын Е.Рыбакина төртінші айналымда атақты америкалық, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 23 дүркін жеңімпазы, қазіргі кезде рейтингте 8-сатыда тұрған 39 жастағы Серена Уильямспен кортқа шықты.

Бұл – олардың өзара алғашқы кездесуі еді. Бұған дейін қазақстандық теннисшілер С.Уильямсті жеңіп көрмеген.

Матчты қарқынды бастаған қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кетті.

Бұдан кейін америкалық спортшы есепті қысқартқанымен, Е.Рыбакина қайыра брейк жасап, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жібермеді – 6:3.

Екінші партияны Елена брейкпен бастағанымен, тәжірибелі қарсыласы таразы басын теңестіріп үлгерді.

Есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, қайта алға шықты. Бірақ өз геймінде қателікке жол берді – 4:4.

Дегенмен, есеп 5:5 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін бірінші матчболын пайдалана білді – 7:5.

Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.

Осылайша, қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына өтті.

Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен таласады. Ол төртінші айналымда Беларусь өкілі Виктория Азаренконы 5:7, 6:3, 6:2 есебімен ұтты.

Бір қызығы, Е.Рыбакина А.Павлюченковамен бірге Франция ашық чемпионатында жұптық сында да табысты өнер көрсетуде, олар үшінші айналымға өткен болатын.