424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Александр Винокуров команда жетекшілігінен неге кетті?

  • 218
  • UPD: 23:44, 25.06.2021

Александр Винокуров «Astana - Premier Tech» командасының жетекшісі қызметінен босатылды. Бұл өз кезегінде қазақстандық велошабандоздардың ендігі нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін. Велоспорт федерациясы осындай мәлімдеме жасады. Спортшылар мен команданың жаңа басқарушысы арасындағы қарым-қатынасқа да сызат түскен. Винокуровтың қызметтен кетуін жаңа басшылықпен байланыстырып отырғандар бар. Ал Мәдениет және спорт министрлігі бұл шешімнің қаншалықты заңды екенін тексермек.

Сонымен атақты чемпион һәм аты шыққан менеджер команданың жетекшілігінен неге кетті? Оның үстіне Александр Винокуров қызметінен аса жауапты сәтте шеттетіліп отыр. Себебі, ертең әлемдік велоспорттағы айтулы дода "Тур де Франс" басталады.

Яна Зель, Astana - Premier Tech-тің басқарушы Директоры:

– Біз Александр Винокуровтың «Тур де Франсқа» қатыспайтынын растаймыз. Өйткені ол команданың спорт жетекшісі қызметін тоқтатқан. Александр бұрынғысынша команда құрамында. Ол қазіргі уақытта команданың спорттық іс-шараларын басқармайды. Бірақ басқа міндеттерді орындауға ауысады. Осы кезеңде Джузеппе Мартинелли мен Стив Бауэр команданы жарыстардағы көрсеткіштері бойынша басқарып, біздің шабандоздарды табысқа жетелеп, жақсы жұмыс істей алады деп үміттенемін. «Тур де Франстан» бастап Стив Дмитрий Фофоновпен және Стефано Занинимен бірге жұмыс істейтін болады.

Винокуровтың қызметінен босатылу себебі ресми мәлімдемеде айтылмайды. Есесіне шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Александрдың команданың басқарушы құрамымен келіспей қалғанын жазған. Ал Винокуровтың өзіне басшылық «қарамағыңдағы спортшылардың нәтижесі көңіл көншітпеді, сондықтан қызметтен босаттық» депті.

Александр Винокуров, Astana-Premier Tech-тің бұрынғы Бас менеджері:

– Тур де Франс кезінде шеттетілдім. Бұл маусымдағы аса маңызды дода. Сондықтан басшылықтың мұндай шешімі мен үшін түсініксіз болып тұр. Айтуларынша, нәтиже жақсы емес дейді. Бірақ бұған өз уәжім бар. Менің сөзімді жоққа шығармайтындар да аз емес.

Александр Винокуров команданың жетекшілігінен босатылған жалғыз менеджер емес. Оның алдында спорт директоры болған Александр Шефер мен Дмитрий Седун да қызметінен кеткен.

Нұрлан Смағұлов, Қазақстан Велоспорт Федерациясының Президенті :

– Мен аталған шешімге түбегейлі қарсымын. Бұл федерациямен келісілген жоқ. Бұған дейін бізді қамқоршылық кеңесінен шеттетті. Александр Шефер мен Дмитрий Седунды қызметтерінен босатты. Ол кезде үндемедік. Ал қазір шыдамымыз таусылып отыр.

Астана командасы Тур де Франста топ жаруға ұмтылмайды. Команда осылай деп мәлімдеме жасады. Есесіне спортшылар жекелеген кезеңдерінде жеңіс тұғырынан көрінуге ниетті.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы

 

Хабар 24 телеарнасы