Футбол: Бүгін Уэльс пен Дания ширек финал жолдамасын сарапқа салады

Футбол: Бүгін Уэльс пен Дания ширек финал жолдамасын сарапқа салады

Бүгін Еуропа біріншілігінің плейофф бәсекелері басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Амстердамдағы «Йохан Круифф Аренада» Уэльс пен Дания ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Дания құрамасының бас бапкері Каспер Юльманн осы ойынды асыға күтіп отырғанын айтыпты. «Паркендегі» алғашқы матчтан кейін әзер ес жиған шәкірттерінің чемпионатқа енді төселіп келе жатқанын да тілге тиек етті.

Естеріңзде шығар, Финляндиямен сынға түскен күні Кристиан Эриксеннің аяқ астынан есінен танғаны. Қазір команданың жүрегі орнына түсіп, жігерлене түсіпті. Каспер Юльманн Уэльстің осал қарсылас еместігін де баса айтты. 2016 жылы өткен құрлық біріншілігінің жартылай финалына жолдама алған команданың кемі футбол ойнай алатыны түсінікті. Гарет Бэйл секілді саңлағына сенетін Уэльстің қайрат көрсететіні анық. Осыны қаперде ұстаған Юльманн өз шәкірттерінің үмітті ақтайтынына сенімді.