Пандемия жағдайындағы доп додасы

Италия Еуропа чемпионы атанды. Егер ағылшындар жеңіске жеткенде жергілікті жұрт бүгін жұмысқа шықпай, оқушылар мектепке бармай бұл күн ұлттық мерекеге айналар еді.

Матч кезінде Лондон халқы орталық көшелер мен сыраханаларда лық толып,  ковидке қарсы шектеулер туралы ұмытып кетті. Қала билігі доп додасының соңы өкінішті жағдайларға әкеп соғуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр.

Теледидары бар қоғамдық орындардың барлығы жанкүйерге лық толы. Британиялық бөлшек сауданы зерттеу орталығының жобалауынша, пабтар мен қонақ үйлерде бұл түні 800 миллионнан астам фунт жұмсалып, 18 жарым миллион литр сыра сатылуы мүмкін екен.

«Футбол қайта оралып жатыр». Ағылшындар өздерінің бейресми әнұранын шырқауда. Футболдың негізін қалаған ұлт үшін Еуро-2020 - жаһандық деңгейдегі оқиға. Өйткені Англияның финалға қатыспағанына 55 жыл болған.

Бұл бүкіл әлем назарын салып отырған өте ауқымды шара. Англия жеңіске жетеді деп үміттенемін.

Арнайы бүгін достарымызбен келдік осы футболға Лондонға. Англияға жанкүйер болуға. 

Финалдан кейін коронавирусты жұқтыру жағдайларының көбеюі әбден мүмкін. Ауруханаға түскендердің саны жарты миллионға жетуі ықтимал, дейді Британ ғалымдары. Себебі жанкүйерлердің көпшілігі әлеуметтік арақашықтық сияқты қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Шотландияның денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, өткен айда Лондонда өткен матчта ұлттық құраманы қолдауға келген 2000 жанкүйерден ковид анықталған.

Ковидтік шектеулерге орай стадионға птр тест тапсырған 60 мыңға жуық көрермен ғана жіберілді, яғни Уэмбли стадионы орындықтарының 75 проценті толтырылды. Жанкүйерлер арасында италиялықтар да бар. Британ үкімет мен УЕФА арасындағы келісімге сәйкес, Лондонға ұшып келгеннен кейін олар оқшауланудан босатылды.

Ұлттық құрама жеңіске жеткен жағдайда дүйсенбіні демалыс күні етіп жариялауды өтінген петицияға жарты миллионға жуық адам қол қойған болатын. Үкіметтегілер жұмыс берушінің өзі шешім қабылдауы керек деп мәлімдеді. Мектептер де кешігіп келген оқушыларды жазаламауға уәде берді. Бірақ ақтық мәреде Англия құрамасы жеңіліске ұшырады. Демек жанкүйерлердің жұмысқа баруларына, ал оқушылардың мектептен кешікпеулеріне тура келеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы