Елордада Бекзат Саттарханов атындағы бокс залы ашылды

Елордада бокстан қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы зал ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спорттық нысан қаланың сол жағалауында орналасқан. Онда бокс үйірмесі 2 мезгіл жұмыс істейді. Негізінен жасөспірімдерді байрақты бәсекелерге дайындау мақсатында құрылған. Қазір елорда іргесіндегі ауылдық елді мекен өрендері үйірмеге қабылданып жатыр. Оған атақты боксшының есімін беру жөніндегі бастама бірден қолдау тапқан. Залды ашуға Қазақстан бокс федерациясы мен «Qsport» орталығы ұйытқы болды. Енді елордалық өрендер әйгілі олимпиада чемпионына қарап, бой түзейді, дейді федерация өкілдері.

Маратбек Мықтыбеков, ҚР бокс федерациясының атқарушы директоры:

– Бұл зал жаңадан ашылып отыр. Жартылай тегін, жартылай ақылы болады. Олай жасауға мүмкіншілік бар. Қазір Қояндыдан балалар келіп, жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр.