Беларусь атлеті еліне оралудан неге бас тартты

Токио Олимпиадасына қатысуға барған Беларусь құрамасының жеңіл атлеті Кристина Тимановскаяға қысым жасалды.

Оны Беларусь Олимпиада құрамасының өкілдері Токиодан Минкскіге күштеп әкетпек болған. Бұл туралы Беларусьтың спорт ынтымақтастығы ұйымы мәлімдеді. Алайда спортшы Жапония полициясы мен Халықаралық Олимпиада комитетінен көмек сұрап, депортацияланбады.

Беларуьстің Ұлттық Олимпиада комитеті Тимановская «эмоциялық-психологиялық жағдайына байланысты» жарысқа қатыса алмайды деп мәлімдеген. Бірақ спортшының өзі оны дәрігерлердің тексермегенін айтады. Беларусь құрамасының басшылары Тимановскаяны өзі маманданған 100 және 200 метрге емес, 400 метрге жүгіру жарысына қосқан. Бұл қашықтыққа жүгіруі тиіс болған 3 атлет допинг-тестіден өте алмай қалған. Кикілжің осы арадан басталған.  

Кристина Тимановская, Беларусь олимпиада құрамасының атлеті:

– Мен Халықаралық Олимпиада комитетінен көмек сұраймын. Маған қысым жасалып жатыр. Мені Жапониядан зорлықпен әкеткелі жатыр. Халықаралық Олимпиада комитетінен араша түсуді сұраймын.

Александра Герасименя, Беларусь спорт ынтымақтастығы қорының басшысы:

Кристина Тимановская қазір полицияның жанында қауіпсіз жерде. Полиция оның ісін тергеуге алды. Польша консулдығы құқықтық көмек беруге және қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Спортшыны алдын ала ескертпестен, мүлде басқа бағдарламаға қойған. Ол дайындалмаған қашықтығына жүгіріп, жарақат алуы да мүмкін. Спортшы осының бәрін әлеуметтік желіде жариялап, келіспейтінін ашық айтқан. Ол Беларусьқа оралса, осындай әрекеттері үшін түрмеге қамалатынын түсініп, көмек сұрады.

Даулы іске жапон депутаттары да араласа бастады. Әуежайға Жапонияның Конституциялық-демократиялық партия өкілі келіп, спортшымен кездестіруді талап еткен. Бірақ полиция бұған әзірге рұқсат бермей отыр.  

Тайга Исикава, Жапонияның конституциялық-демократиялық партиясының депутаты:

– Тимановская ханымның қауіпсіздігі – ең маңызды нәрсе деп ойлаймын. Егер оны Токио-2020 Олимпиадасының ұйымдастырушыларына берсе, біз оны мұқият тыңдап, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ оны Беларусь билігі табыстаса, оның өміріне қауіп төнеді деп есептеймін.