Олимпиада жүлдегерлеріне 31 млн теңгенің сертификаты тапсырылды

Олимпиада жүлдегерлеріне 31 млн теңгенің сертификаты тапсырылды

Токио Олимпиадасында үздік үштіктен көрінген қазақстандық спортшылар мемлекеттік наградамен марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының жарлығымен спортшыларға «Барыс», «Достық» және «Құрмет» ордені берілді.

Токио төріндегі дода аяқталды. Сегіз жүлдегерді мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеңістерімен құттықтады.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

- Сіздер мемлекеттің намысы мен абыройы, мерейі мен мәртебесі сынға түскен жаһандық жарыста жан аяп қалған жоқсыздар. Қанша жылдық еңбекпен келген жүлделеріңіз құтты болсын. ҚР Президенті Тоқаев сіздердің ел алдындағы еңберіңізді ескеріп, мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлық қабылдады. 

Мемлекет басшысының жарлығымен спортшылар 3 дәрежелі барыс, екінші дәрежелі Достық және Құрмет ордендерімен марапатталды.

Шынында ерік-жігері мен барынша ынтасын салған спортшылардың еңбегін мойындау керек. Еркін күрес, ауыр атлетика, бокс, дзюдо, каратэдан қолаға қол жеткізген спортшыларға мемлекет тарапынан 31 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.

Рас, бұл жолғы Елдос Сметовтің ерлігі, ауыр атлеттеріміздің жанкештілікпен алған қоласы, алғаш халықаралық аренаға шыққан каратэшілердің жанталасын спортсүйер қауым көрді.

Елдос Сметов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Өкінішке орай бұл Олимпиадада біздің көк туымыз ең биік тұғырдан көріне алмады. Көптеген жарыста біз әнұранымызды ойнатып, көк туымызды желбіретіп жүрдік. Алдымызда келе жатқан байрақты бәсекелер бар, біз әлі де еліміздің атын шығарамыз.

Десе де, бокстан кенжелеп қалғанымыз көңілге кірбің ұялатқаны сөзсіз. Қазақ жанкүйері дәл осы бокстан алтынды аңсап еді. 91 келіде сынға түскен ұзын бойлы спортшымыз Қамшыбек Қоңқабаев алтынға жете алмағанына өкінгенімен, барын салғанын айтты.

Қамшыбек Қоңқабаев, Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Жігіттер шаршы алаңда барын салды, жанын салды, бұйырмаған алтын Парижде бұйырсын дегім келеді, әлі біздің жігіттер талай Олимпиада ойындарында әнұранды шырқатады деген үміт бар.

Мырзағали Айтжанов, бокстан жаттықтырушы:

– Комитеттің, федерацияның атынан барлық жағдай жасалды, сол себепті бұл жерде бірнәрсе жетпеді деп айтқан ұят болады, мұны мойынмен көтеру керек, осыдан бір жақсы шешім шығарып, елімізді қуанту керек.

Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта қоланы жеңіп алған Нұрислам Санаев мемлекет берген 31 миллион теңгені жағдайы төмен отбасыларға үлестіріп беретінін айтып, келесі Париждегі додаға тыңғылықты дайындалып, нәтиже көрсетемін деп уәде берді.

Нұрислам Санаев, Токио Олимпиадасының еркін күрестен қола жүлдегері:

- Токио ойындарынан аман есен қайтып келдік, жанкүйер болған бүкіл қазақ еліне үлкен алғыс, бұйырса 2024 жылда Париж Олимпиадасы болады, жақсы қорытынды болады деп ойлаймын.

Кілең қола болса да, жүлдеге жетуге шыңдап, жаттықтырған бапкерлерге 25 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Расында, Токиодағы дода елдегі спорт деңгейін ашық көрсеткендей. Өзге олимпиадаларда да олқылықтар болатын, бірақ оны алтын, күміс бүркемелейтін. Ендігі спортты дамытуда кешенді бағдарлама, шұғыл реформа қажеттігін мемлекеттік хатшы да айтты.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

- Спорт саласына шұғыл реформа керек екені көрініп тұр. Бірде бір спортшымыздың алтын мен күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы бұрын соңды болмаған жағдай. Бұл ретте жанкүйерлердің сын ескертпелері, халықтың талабы орынды деп санаймыз, сондықтан Токио Олимпиадасынан сабақ алып қорытынды шығаруымыз керек.

Каратэші Софья Берульцева, боксшы Сәкен Бибосынов, ауыр атлет Игорь Сон да қоржынға қола әперген спортшылар. Олар да өкініштерін айтып, болашақтағы жарыстарға үміттерін үкілеп отыр.

Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев