Шымкенттегі доп додасы Амангелді Сейітхановты еске алумен басталды

Шымкенттегі доп додасы Амангелді Сейітхановты еске алумен басталды

Шымкентте өткен Қазақстан кубогының финалдық ойыны кеше ғана бақилық болған белгілі тележурналист, әйгілі комментатор Амангелді Сейітхановты еске алумен басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда «Ордабасы» мен №8 Балалар-жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің ойыншылары Амангелді Мәулітханұлының рухына тағзым жасады. Одан кейін барып аяқ доп шеберлері жасыл алаңда ойын өрнегін қыздырды. Бұл матчтан бөлек, финалдағы 4 ойын да бір минуттық үнсіздікпен басталады. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы осындай шешімге келген.

Амангелді Сейітханов – қазақ футболының дамуына өзіндік үлес қосып, талай әлемдік доп додаларын «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлеткен бірегей комментатор. Оның «Зидан қазақ болса ғой», «Бар тез, қақпаңа бар тез» деген сияқты сол кездегі түйдек-түйдек тіркестері әлі күнге спорт жанкүйерлерінің есінде. Көптеген футболшылардың жасыл алаңда жалындап өнер көрсетуіне септігін тигізген әйгілі комментатордың мезгілсіз қазасы қазақ футболына да ауыр тиді.

Құрманбек Ордабаев, қазақ футболының ардагері:

– Ол азаматтың футболға қосқан үлесі зор, доп додаларын жүргізіп, үлкен аудитория жинап, тек осы кісі жүргізсе деген үлкен ниетпен күтіп отырушы едік. Ол кісінің атқарған жұмыстарын жас комментаторлар немесе журналистер ары қарай жалғастырады ғой деп ойлаймын.