Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті
kfb.kz

Ғалым Кенжебаев қызметінен кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері бұл жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, шешімді өзі қабылдаған. «Екі жылдай уақыт аянбай еңбектендік. Қолдан келгеннің барлығын жасадым. Ешкімді сүйрелеген жоқпын. Ұлттық құрамаға қатаң іріктеуден өткен жігіттер ғана алынды» дейді Кенжебаев. Бір ғана өкініші барын алға тартады. Олимпиадаға даярлықта Сабырхан Махмудқа аз мүмкіндік берген.

Айта кетейік, Сабырхан соңғы ел чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ Олимпиадаға Сәкен Бибосынов барып, қола жүлдегер атанды. Ғалым Кенжебаев бұл қызметке 2018 жылдың желтоқсанында тағайындалды. Оған дейін жастар құрамасының бас бапкері болды.

Әлем чемпионатында топ жарды

Голубкова - әлем чемпионатының жүлдегері. Мысыр астанасы Каир қаласында велотректен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода өтті. Қыздар арасындағы сында ел намысын Юлия Голубкова қорғаған. Ол спринт санатында үздіктер қатарынан табылып, қола жүлдеге қол созды. Бірінші орын Ресей, ал екінші орын Украина шабандозына бұйырды.

Айта кету керек, бұл спортшылар қалыптасқан жағдайға байланысты екі жылдай халықаралық жарыстарға қатыспады. Енді ғана бәсекелер біртіндеп өткізіліп жатыр. Сәйкесінше, елордадағы олимпиадалық даярлау орталығының басқа да шәкірттері алдағы құрлықтық және әлемдік алмандар қатысып, осы Юлияның жеңіс жолын жалғастыруға тырысады.

«Астана» шабандозы алдыңғы ондықта

21 күнге созылған веложарыс аяқталды. Шешуші кезеңде спортшылар 33 шақырымды жекелей жүріп өтті. Бұл сында словениялық Примож Роглич топ жарды. Ал қазақстандық клуб сапындағы Ион Иссагери 10-көрсеткішке ие болды. Юрий Натаров 38, ал Горка Иссагери 44-орындарда. Жалпы есепте Ион Иссагери мен Горка Иссагери, сәйкесінше, 26 және 27-сатыларға жайғасты. Қалған спортшылардың нәтижесі төмен. Ал жоғарыдағы Примож Роглич бас жүлдені жеңіп алды.

Айта кетейік, Вуельта Испания 14 тамызда басталды. Оған 200-ге жуық спортшы қатысты және бүгінге дейін олар 3400 шақырымды жүріп өтті.

Бұқаралық спорт - басты назарда

Осындай ұранды ұстанған спорт мамандары демалыс күндері паркке жиналып, бірлескен жаттығу жүргізді. Оның ішінде құзырлы министрлік пен оған бағынысты мекемелердің басшылары да бар. Негізгі мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, жолдауға қолдау таныту дейді спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев. Айта кетейік, Президент Жолдауда бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар спортына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімдеріне спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды.