Нысана көздеуден Азия чемпионаты: 12 алтын, 12 күміс және 12 қола

Нысана көздеуден Азия чемпионаты: 12 алтын, 12 күміс және 12 қола

Нысана көздеуден Азия чемпионатында 36 медаль ұтып алған Қазақстан құрамаcы құрлық додасында топ жарды. Сұрмергендер сайысы Шымкент қаласында өтті. Азия біріншілігін алғаш рет қабылдаған Шымкент шаһары енді әлем кубогын өткізуді көздейді.

Көптен күткен чемпионат. Қалыптасқан жағдайға байланысты былтыр бұл бәсеке болмай қалды. Биыл айтулы аламанды Шымкент қабылдады. Дүбірлі додаға 10 елден 180-ге жуық қатысушы жиналып, ә дегеннен жарысқа ден қойды. Әсіресе, жарлестеріміз жерге қаратқан жоқ. Алғашқы күннен жүлдегерлер қатарына ілігіп, жалпы есепте көш басына шықты.

Анвар Юнусметов, спорттық ату түрлерінен Қазақстан федерациясының атқарушы директоры:

– Қазақстандық спортшылар бұл жарысқа тыңғылықты дайындалды. Бірнеше іріктеу сыны ұйымдастырылды. Нәтижесінде ұлттық құрама жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, алматылық Ислам Усейновты ерекше атап өткім келеді. Ол рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Соның арқасында жекелей және командалық сында жүлдеге ілікті. Бұған қоса, Зухра Ерназарова, Андрей Худяков және Елдар Иманқұловтар жеңіс жолын жалғай түсті.

Құрлық додасы ерсектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтті. Қай-қайсынан да Қазақстан спортшылары алдына жан салмады. Жалпы есепте Өзбекстан, Индонезия, Таиланд сияқты азулы құрамаларды артта қалдырды.

Андрей Худяков, ұлттық құрама мүшесі:

– Ашығын айтайын, Шымкентте Азия чемпионаты болады деп ойламадым. Бұл отандық спорт үшін тарихи оқиға. Ал бізге қосымша жауапкершілік. Өйткені өз алаңымызда есе жіберуге болмайды. Бәсеке барысында намысқа тырыстық. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын.  

Иә, Шымкенттегі дода Қазақстан құрамасының жеңісімен қатар, жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен есте қалды. Осыны ескерген құрлық конфедерациясы енді бұнда лицензиялық турнир өткізуге мүмкіндік қарастырады.

Олег Почивалов, спорттық ату түрлерінен Қазақстан федерациясының бас хатшысы:

– Өзге елден келген қонақтар жарысқа жоғары баға беріп жатыр. Тіпті, жақын болашақта лицензиялық жарыстарды қабылдауымыз мүмкін. Яғни, Азия чемпионаты не әлем кубогын өткізу құрметі бұйырады. Ол жерде Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады деген жоспар бар. 

Ұлттық құраманың басы-қасындағылар бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды дейді. Енді алдағы жарыстарда қазақстандық спортшылар Азия үздігі екенін дәлелдей түсу керек.

Авторы: Аслан Қаженов