Алматы облысы Бақанас ауылында жаңа спорт кешені ашылды

Алматы облысының Балқаш ауданында жаңадан салынған спорт кешені ашылды. Енді аймақтағы жасөспірімдер заманауи үлгідегі ғимаратта жаттығады. Айта кетейік, бұл Жетісу өңірінде пайдалануға беріліп отырған он үшінші денешынықтыру және сауықтыру орталығы. Тағы төртеуінің құрылысы жүріп жатыр. Шалғай елді мекендегі игілікті шараға спорт саңлақтары қатысты.

Бақанастағы спорт кешенінің аумағы 4200 шаршы метрден асады. Оны салуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Нысанның ашылуына келген облыс әкімі ұжым қызметкерлеріне шағын автобустың кілтін тарту етті.

Кешенде волейбол, баскетбол, футбол, бокс, күрес залы бар. Балалар енді халықаралық жарыстарды өткізуге болатын ғимаратта жаттығады. 

Әлижан Темірғали, оқушы:

- Бұрынғы залымыз кішкене болса да тарлау болатын. Ал осы жаңа залымызда тренировка жасау үшін неше түрлі жаңа заттарымыз бар.

Ауылдың ажарын аша түскен тағы бір ғимарат аудандық аурухана. 30 жыл бойы жөндеу көрмеген мекеме сейсмикалық тұрғыда нығайтылып жатыр. Бақанаста үй құрылысы да қарқын алған. Үш жылда 100-ден аса баспана тұрғызылды.«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ойын алаңы салынды. Енді міне табиғи газ тартылып жатыр.

Амандық Баталов, облыс әкімі:

- Алматы облысында 740-тан астам елді мекен бар. Бұрынғы кезде соның он проценттен кемі газбен қамтамасыз етілген. Міне сол он проценттен 59 процентке жетті. Осы жылы алпыстан асамыз деп отырмыз. Талдықорған жүз процент жасалды. 

Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі «Бірлік» агрофирмасы. Олар биыл мың гектардан астам жерге күріш сепкен. Қазір жеңілдікпен алған жаңа техникаларымен дәнді дақылды жинап жатыр. Қамбаға түскен өнімді тазартып қаптауға кіріскен.  

Алмас Қыстаубаев, «Бірлік» агрофирмасының директоры:

- 4,5 мың тоннадан 2,5 мың тоннадай таза өнім шығады. Соны келесі өнім қамбаға түсіргенше тартып жұмыс істейміз. Біздің күріш сұранысқа жоғары. Алматы, Алматы облысына, Тараз, Өскемен, Ресей мемлекетіне, Қырғызстанға жібереміз. 

Жетісулық шаруалар биыл 8 мың гектардан астам жерге күріш сепкен. Одан 35 мың тоннадан аса өнім алу жоспарланып отыр. Соның 90 проценті Балқаш ауданынан жиналады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев