Конференциялар лигасы: «Қайрат» «Қарабахтан» жеңілді

Конференциялар лигасы: «Қайрат» «Қарабахтан» жеңілді

«Қайрат» командасы «Қарабахтан» жеңілді. Конференциялар лигасы аясында қос команда Баку қаласында жолыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Матч аса тартысты өтті және қазақстандық клуб есеп ашты. 19-минутта Хосе Канте 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Бірақ «Қайрат» бұл басымдықты ойын соңына дейін сақтай алмады. Алаң иелері 79-минутта есепті теңестірді. Ал қосымша уақытта, яғни 91-минутта Аббас Гусейнов мергендігімен көзге түсіп, өз командасын алға шығарды. Қорытынды есеп – 2:1.

Осылайша, «Қайрат» халықаралық лига аясында әлі бірде-бір жеңіске жете алмады. Осының алдында «Омония» командасымен тең түссе, «Базельге» 4:2 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде 3 ойыннан кейін 1 ұпай жинап өз тобының 3-сатысына жайғасты. Төртінші тұрған кипрлік клубпен көрсеткіштері бірдей. Ал топ басындағы «Базель» мен «Қарабахты» қуып жету қиындау.

Конференциялар лигасы аясындағы келесі матч 4 қарашада өтеді. «Қайрат» бұл жолы өз алаңында дәл осы әзірбайжандық команданы қабылайды.

ЕКІ СПОРТШЫМЫЗ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДА

Екі спортшымыз жартылай финалда. Бейжің қаласында шорт-тректен әлем кубогы басталды.

Айта кету керек, осы аламан нәтижесінде олимпиада жолдамалары таратылады. Бұған қоса, аталған жарыс арқылы қысқы ойындардың инфрақұрылымы тексеріліп жатыр. Сонымен алғашқы жарыс күні қазақстандық Әділ Ғалиахметов пен Нұртілек Қажғали сәтті өнер көрсетті. Олар 1500 метрлік бәсекеде жартылай финалға шықты. Бұған қоса, тағы бір жерлесіміз Денис Никиша спринттік сында ширек финалға өтті. Ал басты үмітіміз Абзал Әжғалиев ескерту алып, жарыс жолынан шығып қалды.

Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын қыз-жігіттер тағы бірнеше қашықтық бойынша бағын сынайды. Бейжіңдегі дода 25 қазанға дейін жалғасады. Ал қысқы олимпиада үш айдан кейін, яғни ақпанның төрті басталады. Оған ұлттық құрама 10 лицензия алуды жоспарлап отыр.

КОНЬКИМЕН ЖҮГІРУДЕН ЕЛ КУБОГІ ТАЛАСҚА ТҮСТІ

Ал коньки жарысының шеберлері елордада өзара мықтыны анықтады. Кезекті Қазақстан кубогы нәтижесінде ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық жарыстарға қатысады. Осыған байланысты бәсекелестік мықты болды.

Мәселен, қысқа қашықтықта күтпеген жерден жас спортшы топ жарды. Евгений Кошкин алдына жан салмады. Роман Креч пен Иван Аржаников көрсеткіштері де жақсы. Соңғысы 1000 метрде әлем чемпионы Денис Кузиннің алдына шығып, ел үздігі атанды. Қыздар арасында Екатерина Аидова өз мықтылығын кезекті рет дәлелдеді. Спринттік сында бірінші, мың және 3 мың метрде екінші орын алды.

Бас бапкер Дмитрий Бабенко «спортшылардың бабы жақсы» дейді. Олар қараша айында әлем кубогына аттанып, олимпиада жолдамаларын сарапқа салады. Қысқы ойындарға қатысатындардың нақты тізімі жетоқсанның ортасында белгілі болады.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Ұлттық құрамада капитан ауысты. Бұл құрмет әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Абылайхан Жүсіповке бұйырды. Қазақстандық боксшылар бірер күннен кейін дүниежүзілік додаға қатысады. Биылғы бәсекені Сербия қабылдайды. Осыған байланысты жерлестеріміз Түркістан облысында жаттығу жиынын өткізді. Оның барысында спаррингтік кездесулер жасап, ұлттық құраманы жасақтады.

Айта кету керек, команда айтарлықтай жаңарды. Бұрынғылардан Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов және Абылайхан Жүсіпов қалды. Бұған қоса, ең жеңіл салмақта 33 жастағы Теміртас Жүсіпов өнер көрсетеді. Қалған жігіттер жаңадан қосылды.

Әлем чемпионаты 24 қазанда басталады және алғаш рет жеңімпаздарға сыйақы тағайындалып отыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 2 миллион 600 мың долларды құрайды.