Жанбота Алдабергенова фристайлдан әлем кубогында жүлде алды

Жанбота Алдабергенова фристайлдан әлем кубогында жүлде алды

Қазақстандық Жанбота Алдабергенова әлем кубогында жүлдеге ілікті. Фристаил-акробатика шеберлерінің бәсекесі Финляндияда өтті.

Жанбота іріктеу кезеңінде  85,99 ұпай жинап, жалпы есепте 4-ші орынға тұрақтады. Ал финалдық сында өз мүмкіндігін сәтті орындап, екінші сатыдан табылды. Жарыс нәтижесі бойынша қытайлық Кун Фаньюй топ жарса, тағы бір қытайлық Шао Кью үздік үштікті түйіндеді. Ал Қазақстан құрамасының өзге өкілдері, яғни Ақмаржан Қалмұрзаева 13-ші, Аяна Жолдас 23-ші, ал Маржан Ақжігіт 39-шы орындарға жайғасты.

Айта кетейік, бұл – фристайл-акробатика бойынша жаңа маусымдағы жерлесеріміз қатысқан алғашқы жарыс.

ҚҰРЛЫҚТЫҚ ХОККЕЙ ЛИГАСЫ

«Барыс» есе жіберді. Елордалық клуб құрлықтық лига аясында мәскеулік «Динамомен» жолықты. Нұр-Сұлтан қаласында өткен матчта қонақтар айқын басым болды. «Динамо» ойыншылары 19-шы минутта есеп ашты. Ал бірінші кезең соңына дейін таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. «Барыс» сапынан Коди Куник пен  Кертис Волк мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартуға тырысқан. Бірақ «Динамо» тағы да гол соғып, алға шықты. Қортынды нәтиже: 2:4. Осылайша «Барыс» 34 ойында 30 ұпай жинап, шығыс конференциясының 10-шы сатысына тұрақтады. Юрий Михаилис баптайтын жігіттер енді сырт алаңдағы матчтар сериясын бастайды. Ертең «Нефтихимик», ал дүйсенбі күні «Ақ барыс» клубымен кездеседі.

ҚОЛ КҮРЕСТЕН ҚОРЖЫНЫМЫЗ ТОҚ

Қазақ спортшылары әлемді мойындатты. Румыния астанасы Бухарестте армрестлингтан дүниежүзілік дода өтті. Онда жерлестеріміз бірнеше салмақ бойынша топ жарды. Жеңімпаздардың алды елге оралды. Әріптестеріміз Алматы әуежайынан 80 кг салмақта топ жарған Әбдіуәли Тастанов пен 60 келіде қола жүлде ұтып алған Айдын Айдәулетұлын күтіп алды. Ардагерлер арасында сынға түскен ағалар ағынан жарылды. Азияда қарсылас шақ келтірмейтін Әбдіуәли Тастановтың әлем чемпионатында жолы болмай жүрген. 8-ші рет дүниежүзілік жарысқа қатысқан ол екі бірдей алтын медаль алса, Алматы облысы Сарқанд ауылында тұратын көп балалы әке Айдын Айдәулетұлы қос қоланы қанжығасына байлады.

Әбдіуәли Тастанов, армрестлингтан әлем чемпионы:

– Іштей сезесің, біреуге айта алмайсың. Кейде мына оң қолға сеніп барасың да, сол қолмен чемпион болып кетуің мүмкін. Ол бір-біріне келе бермейді. Осы жолы екі қолымызбен де бағымыз жанды. Күндіз-түні төккен тер ақталды. Өзім жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтырушымын. Балалар тәрбиелеймін.

Айдын Айдәулетұлы, армрестлингтан әлем чемпионатының қола жүлдегері:

– Ендігі жылы ойлағаныма жетемін деп отырмын. Келесі жылы алтыннан үміттеніп отырмын. Қарсыластарымды көріп, есімде сақтап алдым. Жаңадан шыққан салмақ қой. Шамаларын байқадым. Құлатуға болады. 

ДЗЮДОДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: 3 АЛТЫН, 4 КҮМІС, 1 ҚОЛА

Дззюдодан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты ұлттық құрама үшін сәтті басталды. Байрақты бәсекені Ливан қабылдап жатыр. Жарыстың алғашқы күні жерлестеріміз 8 медаль жеңіп алды. Оның ішінде жеңіл салмақтардағы Айбек Иемберген, Талғат Орынбасар және Аружан Ережепова чемпион атанды. Құрлықтық дода 2 күнге созылады.