«Өнер барысы» байқауы «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі

«Өнер барысы» байқауы «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі

Елге танымал өнер адамдары мен ғаламтор жұлдыздары қазақ күресінен боз кілемде бақ сынайды. Дода 16 желтоқсанда «Өнер барысы» жобасы аясында өтеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Жарыс осымен төртінші рет өтеді. Бүгін Алматыда жарысты ұйымдастырушылар баспасөз-мәслихатын өткізді. Белдесуге қатысатын балуандар журналистер сұрағына жауап берді.

«Өнер барысы» алғаш рет 2019 жылы елордада өткен. «Хабар» агенттігінің тікелей эфирінен берілген «Өнер барысы» көпшіліктің зор сүйіспеншілігіне бөленген мега жобаға айналды. Осы жылы жарыс 4 салмақта, яғни жеңіл, орта, ауыр, ең ауыр салмақ бойынша өтеді.

Мейіржан Әлібек, «Өнер барысы» жобасын  ұйымдастырушы:

– Осы жолы 60 пайызы бұрын қатыспаған жігіттер. Өнер барысына жаңа келген жігіттер. Енді біз әр саланы қамтуға тырыстық. Танымал видеографтарды алып, сазгерлер одан кейін танымал айтыскерлерді тарттық осы жобаға.

Жоба ҚР «Қазақ күресі» федерациясының күнтізбесіне енгізілген. Жарысқа федерацияның кәсіби төрешілері төрелік етеді. Жобаның мақсаты – қазақ күресін насихаттау. Биыл боз кілемге Асылхан Төлепов, Еркебұлан Дайыров сынды актерлермен қоса Есентай Ниязбаев, Мансар Орынхан сынды әлеуметтік желіде танымал жігіттер қатысады. Айтыскер Мұхтар Ниязов пен композитор Құрал Молжановта ешкімге есе жібермейміз деп отыр

Рүстем Жаныаманов, актер:

– Ұсыныс түскен кезде бірден қуана қабылдадым. Өйткені дода деген әрқашан да қызық қой ер адам үшін. Күрес болғаннан кейін, ұл тәрбиелеп отырғаннан кейін ертең әкесіне қарап өседі ғой ұл деген. Сол сияқты бір көзге көрінетін бірнәрсе істегім келді.

28 балуан қатысатын жарыстың жүлде қоры 16 млн теңге. Өз салмағында чемпион атанған адам 1 млн 200 мың теңгені қанжығалайды. Ал белдесуге қатысып, бірақ ешқандай орыннан көріне алмаған жігіттердің барлығына 300 мың теңгеден беріледі. Биыл жоба Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай 16 желтоқсанда Тараз қаласындағы «Тараз арена» спорт кешенінде сағат 13.00-де басталады. Жарысты «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев