Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатына бір күн қалды   

Ертең кешке Бейжіңде қысқы Олимпиаданың ресми ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 мыңдай спортшы қатысатын олимпиадада 109 медаль сарапқа салынады. Ойындар жабық аймақта өтіп жатыр. Пандемия кесірінен жарыстарға тек таңдаулы көрермендер кіре алады. Қытай бұл дүбірлі спорттық шараға 2015 жылдың жазынан бері дайындалған. Олмипиада қытайлық Жаңа жылды тойлау кезінде басталады. Карантиндік шектеулерге байланысты қала тұрғындарының басым бөлігі биыл ауылдарына бара алған жоқ. Сондай-ақ Олмипиаданы тамашалау үшін стадиондарға да бара алмады. Дегенмен жергілікті халықтың көңілі көтеріңкі. 

– Өте қуаныштымын. Мәнерлеп сырғанау жарысын асыға күтемін.

– Қытай азаматы ретінде мақтан тұтамын. Ертең Олимпиада басталады. Интернетте шетелдік спортшылардың Олимпиада ауылындағы жетістіктерімен таңғалғанын көрдім. Бұл керемет!

Ұйымдастырушылар бұл тарихтағы экологиялық жағынан ең таза Олимпиада болатынына уәде берді. Электр энергиясы жаңғыртылатын қуат көздерінен шығарылады. Көліктер де түгел таза отынмен жүреді. Қысқы Олимпиадада 2008 жылғы жазғы ойындардан қалған нысандар қолданылады. Мысалы, «Құс ұясы» стадионында ойындардың ашылу және жабылу салтанаты өтеді.

 Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

– 2022 жылғы Олимпиада ертең Бейжіңде ашылады. Бүкіл әлем Қытайға өз назарын аударады және біз бұған дайынбыз. Ойындардың қауіпсіз және ойдағыдай өтуі үшін бар күшімізді саламыз.

Бейжің – жазғы және қысқы Олимпиаданы өткізген әлемдегі тұңғыш қала. Биылғы ойындар ақпанның 4-і мен 20-сы аралығында «Ортақ болашақ үшін бірлік» деген ұранмен өтеді. Кейбір жарыс түрлері ойындардың ашылу салтанатына дейін басталып кетті.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева