Қысқы спорттың дамуына не кедергі

Жазда спортшылар елді жерге қаратты. Токио төрінде ойқастайды деген серкелер сенімге селкеу түсірді. Енді іргедегі Қытайда қысқы Олимпиада ойындары басталып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар бұл жарыстан да күдер үзе берсек болады деген кесім айтып отыр. Олар отандық атлеттерге неге сенбейді? Қысқы спортқа келгенде қазақ асығы алшысынан түскен емес. Егемендік алғалы тек сегіз медаль еншілеппіз. Оның біреуі ғана – алтын. Жарықтық қар да бар, оны қатырып мұз да қылдық. Бірақ қысқы ойын десе, бізді қырсық шалып тұрады, әйтеуір. Неге екенін спортшылардың өзінен сұрадық.

Людмила Прокашева, 1998 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:

– Жазсы спорт түрлері үшін біздің елде барлығы жасалған. Шағын ауылдардың өзінде спорт залдар бар. Ал қысқы спорт қағажу қалып келеді. Елорданың өзінде бір ғана сырғанау кешені бар. Оның өзінде бірнеше спорт түрінен жаттығып жатады. Бұл ешбір талапқа сай келмейді.

Жазғы спорт түрлерінің жарасы жеңіл. Бір кешенде боксшылар да, жеңіл атлеттер де, балуандар да жаттыға береді. Ал қысқы спортты олай дамыта алмайсың. Әрбіріне жеке кешен керек. Бірақ оған мемлекеттің шамасы жетпейді. Айталық, Щучинскдегі бір ғана секіру алаңын тұрғызу үшін 38 млрд теңге жұмсауға тура келген.

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Елордада «Сарыарқа» велотрегі бар. Ол – жазғы спорт түрлеріне арналған кешен. Бірақ онда конькишілер үшін де жағдай жасалған. Фристайл-акробатшылар да жаттыға алады. Гимнастарға арналған батут бар. Сол жерде дайындалады. 

Спортшылар жаттығатын кешен жоқ, оларды жаттықтыратын кәсіби бапкерлер де тапшы. Осыдан кейін спортшылар тұғырдан көрінбеді деп қалай өкпе артасың? Сосын қысқы спорт түрлеріне қаржы да жөнді бөлінбейді. Спорт саласына жылына 15 млрд теңге бөлінеді десек, соның 3 млрд-ы ғана қысқы спортқа бұйырады. 

Қытайдағы жарыс басталып та кетті. Қазақстаннан 34 спортшы кеткен. Дені –  конькишілер, шаңғышылар мен биатлоншылар. Олардың бұл сапарына бюджеттен 228 миллион теңге бөлінген.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Әлішер Нақыпов, Жандос Сұлтанғазы