ҰОК: Юлия Галышева жарысқа екінші айналымда шығады

ҰОК: Юлия Галышева жарысқа екінші айналымда шығады

Бүгін күллі жаһан көз тіккен Бейжің Олимпиадасы ресми түрде ашылады. Салтанатты рәсім елорда уақытымен кеші алтыда «Хабар» телеарнасында көрсетіледі. Елдің көк байрағын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конкиші Екатерина Айдова ұстап шығады. Бейжіңдегі Ақ олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғайды. Олардың бірқатары кеше жарысты бастап кетті. Нәтиже қандай?

Бейжің олимпиадасында Қазақстан қоржынына медаль салады деп үміт артқан Юлия Галышева іріктеудің алғашқы күні жарысқа шықпай қалды. Ол әлемдік сайысты екінші айналымнан бастайды. Мұндай шешімді ұйымдастыру комитетімен келісе отырып, бапкерлер қабылдаған. Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Кроюковтың айтуынша Юлия жарысқа сақадай сай болды. Бірақ коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тесттің қорытындысы алғашқы айналым басталып кеткеннен кейін шыққан. Енді әйелдер арасындағы екінші іріктеу кезеңі 6 ақпанда өтеді. отандасымыз сол күні өнер көрсетпек.

МОГУЛШЫЛАР ФИНАЛҒА ӨТЕ АЛМАДЫ

Фристайл-могулден ерлер арасындағы сайыста ел намысын қорғаған екі жігіт те финалға өте алмады. Іріктеу кезеңінің алғашқы айналымында Дмитрий Рейхерд 12-ші, Павел Калмаков 17 орынға тұрақтады. Ал үздік ондыққа кіргендер финалға жолдама алды. Енді қос спортшы ертең өтетін екінші айналымда тағы бір бақ сынайды. Қыздарымыз да ә дегеннен алға суырылып шыға алмады. Ең жас қатысушы Анастасия Городко қателікке бой алдырып, мәреге де жетпеді. Олеся Граур 23-ші, Аяулым Әміренова 16 орынды місе тұтты. Енді алтыншы алтыншы ақпан күні финалдық кезеңге жолдама алатын тағы бір мүмкіндік бар.

Аяулым Әмренова, Қазақстан құрамасының спортшысы:

– Негізі ондыққа кіремін деген ой болған. Бірақ кішкене жетпей қалды. 6-сы күні көрермін. Бәрі жақсы, трасса өзінше біраз қиындау.

ВИНЧЕНЦО НИБАЛИ «ВУЭЛЬТА ВАЛЕНСИЯ» ТУРНИРІНДЕ 17-ШІ ОРЫНДА

Жыл сайын Испанияның Валенсиясында өтетін вело турнирде Астана вело клубының шабандозы Винченцо Нибали жалпы есепте 17-ші келе жатыр. Екінші айналымның қорытындысы бойынша мәре сызығын 27-ші болып кесті. Әзірге көш басындағы белгиялық Ремко Эвенепулдан 1 минут 34 секундқа қалып келеді. Қуып жетуге мүмкіндік бар. Өйткені жарыс бес кезеңнен тұрады. Алда үш айналым бар.

НҰРАЛЫ ӘЛІП «ЗЕНИТ» САПЫНДА АЛҒАШҚЫ ГОЛЫН СОҚТЫ

Отандасымыз Нұрәлі Әліп «Зенит» құрамындағы алғашқы голын салды. Ресейлік клуб Данияның Мидтьюлланына қарсы ойнаған еді. Кездесу Португалияда Атлантика кубогы аясында өтті. Нұарлі Әліп салған жалғыз гол ойындағы ойын тағдырын шешіп, ресейлік клубқа жеңіс сыйлады.

Айта кету керек, нұралы Әліп қазір сынақ кезеңінде жүр. Оның Зенит құрамына алыну алынбауы Португалиядағы жиыннан кейін белгілі болады. Алматылық «Қайраттың» өкілі бір миллион 700 мың еуроға бағаланған.