Бейжің-2022: могулшы қыздар жүлдеге іліне алмады

Бейжің-2022: могулшы қыздар жүлдеге іліне алмады

Жолына үмітпен қараған Юлия Галышева үшінші финалға шыға алмады. Ал өзге жерлестеріміз жарыс жолын ерте аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фристайлдың могул түрінен жүлде күткендер көп еді. Қазақстан құрамасының сапында төртінші олимпиадасына келген кейбір қыз-жігіттерге тәжірибе көмекке келеді деп топшылағандар болды. Бірақ  могулдың майын ішкендер жеңісті оңайлықпен бере ме? Қыздар арасында Юлия Галышева алғашқы іріктеуден іркілмей өтіп, бірінші финалданда сүрінген жоқ. Алайда мықтылардың мысы басты ма, екінші финалда білгенінен жаңылды. Осылайша олимпиаданың тағы бір жүлдесін алсам деген Галышеваның жоспары желге ұшты. Алғашқы іріктеу кезеңіне қарағанда бүгін Чжанцзякоуда ауа-райы спортшылар үшін қолайлы. Яғни суық жел болған жоқ. Сондықтан болар біздің жерлестер өз нәтижелерін біршама жақсартты. Дегенмен тек финалдық кезеңге өтіп, ел мерейін асқақтатуға талпынған Аяулым Әміренова өз нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

– Жігер мінезді Аяулым осы бағытынан таймаса, әлі-ақ әлем мықтыларын састырады. Ал жас спортшы Анастасия Городконың да болашағы жарқын деп білеміз. Енді Бейжіңнен 200 шақырым қашықтықта орналасқан Чжанцзякоуға тағы бір мәрте келеміз. Бұл жолы Жанбота бастаған жерлестерімізге жанкүйер боламыз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев