Бейжің-2022: семейліктер Галина Вишневскаяның жеңісінен үмітті

Бейжің Олимпиадасында спортшыларымыз Қазақстан туын көкке желбіретуге барын салып жатыр. Биатлоннан ел намысын қорғайтындар арасында Галина Вишневская да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаңғы спортын жастайынан серік еткен спортшыдан ел-жұрты жеңіс күтеді. Үйде қалған анасы мен жеке бапкері де тақымын қысып, жақсы хабардан үмітті.

Анасының айтуынша, Галина қаршадай кезінен қағілез болған. Осы қасиеті өзі сүйетін биатлон спортында кәдеге жарап тұр. Шаңғышы қыз ең алғаш жаттығуы кезінде-ақ барлық нысанаға оқты дөп тигізген. Ол 13 жасынан бері жүлделі орындардан көрініп келеді.

Елена Правосудова, Г.Вишневскаяның анасы:

– Ол алдына қойған мақсатына жетпей қоймайды. Қандай себеп болса да, жаттығуын ешқашан да өткізіп көрген жоқ. Бір сөйлескенімізде осы спорттан жалыққан жоқсың ба деп сұрадым. Анашым, бұл менің жұмысым. Онсыз өмір сүре алмаймын деп жауап бергені есімде.

Галина Вишневская – Семейдің тумасы. Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындары спортшы өміріндегі үшінші халықаралық бәсеке. Бұл жолы Қытайға жұбайымен бірге аттанған. 28 жасын сол жақта қарсы алды. Қазір ол кезекті жарысқа қызу дайындық үстінде. Мұндай жауапты сәтте жақындары орынсыз телефон шалып, мазаламауды әдетке айналдырған.

Рафаиль Мирсалимов, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы:

Галина 14 жасынан бері үлкен спортта жүр. Қазірге дейін қатысқан дүниежүзілік жарыстардан 12 медаль алды. АҚШ-та, Жапонияда өткен сайыстарда алтын-күміс медаль тақты. Әлем чемпионы атанды. Бейжіңдегі олимпиададан жерлесімізден жеңіс күтеміз.

Олимпиада чемпионының балалық шағы осы жерде өтті. Галинаны шынықтырған бапкері қазір 40-қа тарта шәкірт тәрбиелеп жүр. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шеберінің жиған марапат-медальдары залдың көрнекті жерінде тұр. Мұндай тәсілдің болашақ чемпиондарды жеңіске жетелеп, күш-жігер берері сөзсіз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы