Странджа кубогі: қоржынымызға екінші алтын медаль түсті

Странджа кубогі: қоржынымызға екінші алтын медаль түсті
inform.kz

Болгария астанасында бокстан өтіп жатқан Странджа кубогінде ерлер арасында қазақстандық Махмұд Сабырхан ел қоржынына екінші алтын медальды салды.

54 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз Махмұт Сабырхан финалда жергілікті боксшы Ясен Радевпен жұдырықтасуы керек болатын. Бірақ, қарсыласы жарақатына байланысты жекпе-жекке шығудан бас тартты. Осылайша Махмұт Сабырхан аталған турнирдің алтын медальына айқассыз қол жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальды әйелдер арасынан әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай жеңіп алған болатын. Сондай-ақ бүгін Дулат Бекбауов (67 келі) Дания елінің өкілі Николай Тертерянмен кездессе, Сағындық Тоғамбай (86 келі) украиндық Сергей Горсковпен бәсекеге түседі. Ал, Валентина Хальзова (70 келі) ресейлік Галина Головченкомен шеберлік байқасады.