Қысқы триатлон: жарыстан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады

Елордада өткен қысқы триатлон жарысы өз мәресіне жетті. Үшсайысқа 150 адам қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстан жиналған қаражат пара-триатлонды қолдау қорына аударылады. Жарыс жолына шыққандар 2 жарым шақырымға жүгірсе, 3 шақырымды велосипедпен еңсерді. Мұнан кейін де дем алмай тағы екі жарым шақырымды шаңғымен жүріп өтті. Мұнда тек кәсіби спортшылар ғана емес, әуесқойлар да бақ сынап жүр. Сол көптің арасынан озып шығып, жеңімпаз атанған Ерлан Тәйтілеуов қысқы триатлон жарыстарына екінші рет қатысып отырғаны айтады.

Ерлан Тайтілеуов, жеңімпаз:

– Қысқы триатлон жарысы өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Күн райы да мұндай әсерлі жарыстың өтуіне қолайлы болды. Қайырымдылық жарысқа қатысып, игілікті іске өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын.

Мамандар елде триатлон қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Қазір бұл спорт түрімен айналысатындар саны 100 мыңнан асқан.

Самат Жылқыбаев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Әрбір қатысушы естелік медальдармен марапатталды. 1-орынға 20 мың, 2-орынға 15 мың, ал үшінші орынға 10 мың теңгеден берілді. Бұл жарыс бесінші рет өтіп жатыр. Жылдан-жылға қатысушылар саны көбейіп келеді. Мәселен, осыған дейін жарысқа тек 60-70 адам келетін. Ал бүгін 150 адам  қатысты. Сайыстың мақсаты – спорт әуес­қойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында триатлон, вело­спорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту.

Әрбір спортшы жарысқа қатысу үшін ақы төлеуі тиіс. Бұл шамамен 8 мың теңге. Жиналған қаражат елдегі паратриатлонды қолдау үшін қайырымдылық қорына аударылады.

Авторлары: Әнел Еділқызы,Алишер Нақыпов, Ақылбек Есемсеитов