Чемпиондар лигасы: «Реал» ширек финалға шықты

Чемпиондар лигасы: «Реал» ширек финалға шықты

Бензема хет-трик жасап, өз командасын ширек финалға шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

УЕФА чемпиондар лигасы аясында «Реал» мен ПСЖ командалары жолықты. Мадрид қаласында өткен матч қонақтардың белсенділігінмен басталды. Әсіресе 39 минутта Килиан Мбаппе мергендігімен көзге түсті. Ал екінші кезеңде Кәрім Бензема қатарынан үш гол соқты.

Айта кетейік, Париж қаласында өткен алғашқы матч 1:0 есебмен аяқталған еді. Ал қос ойын нәтижесінде 3:2 есебімен «Реал» басым түсті. Соның арқасында мадридтік клуб жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

«МАНЧЕСТЕР СИТИ» ЖАРЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Чемпиондар лигасындағы тағы бір шешуші матч Манчестер қаласында өтті. Жергілікті «Манчестер Сити» өз алаңында «Спортинг» клубын қабылдады. Алғашқы мачта ағылшындар 5:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Сондықтан бұл жолы алаң иелері айқын фаворит болды. Ал португалиялық команда сырт алаңда есеп аша алмады. Қорытынды нәтиже – 0:0. Хосеп Гвардиола баптайтын жігіттер ширек финалға жолдама алды. Олардың кезекті қарсыласы 18 наурызда жеребе тарту арқылы анықталады. Айта кетейік, ширек финалға бұған дейін «Бавария» мен «Ливерпуль» шыққан болатын.

КЕЛЕСІ КЕЗДЕСУГЕ ДАЙЫНДЫҚ

«Бір айдан кейін жолығамыз». Геннадий Головкин әлеуметтік желідегі парақшасына осындай жазба қалдырды. Қазақстандық боксшы қазір кезекті кездесуіне дайындалып жатыр. Жекпе-жек кеші тура бір айдан кейін Жапонияда болады. Ал оның қарсыласы жергілікті Риота Мурата. Кейінгісі бүгінге дейін 18 кездесу өткізіп, 16-сында жеңіске жетті. Соның арқасында WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Ал жерлесіміздің көрсеткіші – 43 жекпе-жек, 41 жеңіс.

Айта кетейік, Головкин жуырда ғана Альвареспен үшінші рет кездесуге келісім жасады. Ол үшін Геннадий Риотаны, ал Альварес ресейлік Биволды ұтуы қажет. Одан кейін қос мықты қыкүйекте Лас-Вегаста жолығуды жоспарлап отыр.

«ПАРИЖ-НИЦЦА» ВЕЛОКӨПКҮНДІГІ

 «Астананың» жолы болар емес. Францияның таулы қыратты аумағында велокөпкүндік жалғасып жатыр. «Париж-Ницца» бәсекесінің төртінші кезеңінде шабандоздар қысқа қашықтықты бағындырды. Ең үздік нәтижені бельгиялық Ваут Ван Арт тіркеді. Ол 13 шақырымды 16 минут 20 секундта жүріп өтті. Ал «Астана» спортшылары арасынан ең тәуір көрсеткішке Давид Де ла Крус қол жеткізді. Ол жеңімпаздан 48 секундқа қалып, кезең қорытындысы бойынша 25-сатыға жайғасты. Айтпақшы, жарақтына байланысты қазақстандық клубтың қос мүшесі жарыстан шығып қалды. Юрий Натаров пен Самуэле Баттистелла тізелерін ауыртып алды. Қалғандарынан әлі де үміт бар. Өйткені алда тағы 4 кезең күтіп тұр. «Париж-Ницца» велокөпкүндігі 14 наурызға дейін жалғасады.

ОТАНДЫҚ СПОРТҚА СЕРПІН БЕРДІ

Герлицтің жетістігі елдегі басқа да мүмкіндігі шектеулі спортшыларға керемет мотивация болды. Енді құзырлы министрлік осының негізінде саланың дамуына тың серпін беруді жоспарлап отыр. Әсіресе солтүстік өңірлерде парабиатлон мен парашаңғы базаларын қалыптастырып, әуесқой және кәсіпқой спортшылардың емін-еркін жаттығуына жағдай жасамақ. Бұдан бөлек, паралимпиададық емес те қысқы бағыттар бар. Саланың басы-қасындағылар осының барлығын жүйелеп, оның дамуына дүмпу әкелсек дейді.

Айта кетейік, қазақстандық спортшы қола жүлдегері атанды. Бұл ұлттық құрама қоржынындағы алғашқы медаль. Қысқы Паралимпиада ойындары 13 наурызға дейін жалғасады.

Мұхамеджан Бекназаров, ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитеті басқармасының басшысы:

– Олимпиада және Паралимпиада ойындарының нәтижесіне сәйкес жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, өңірлермен бірлесе бағыт-бағдар белгілеп, нақтылап, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында насихат жасап, 05:05 алдағы уақытта белгілі бір жоспармен дайындаламыз деп жоспарлап отырмыз.