Футзалдан турнир: «Хабар 24» тілшісі «Құрмет» арнайы жүлдесіне ие болды

Елордада футзалдан республикалық турнир өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалам ұстаған қауым қара сөзде ғана емес, аладоп бәсекесінде де жүйрік екенін паш етті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігің баспасөз қызметі ұйытқы болған футзал жарысында жалпы саны 18 команда қатысты. Елордадан бөлек, Шығыс Қазақстан, Тараз, Алматы, Шымкент және Түркістаннан да доп қуған тілшілер келді. Солтүстіктен жеткен «Қызылжар» командасы да сайыс көркін қыздырды. Министрлік кубогына «Хабар 24» арнасының қызметкерлері де атсалысып, шеберлік байқасты. Екі күнге созылған турнирде сегіз үздік іріктеліп, өзара жүлделерді сарапқа салды. Финалда «Қазмедиа» «Қазақстан-Қазспорт» командасынан 5:3 есебімен басым түсіп, кубок иегері атанды. Әрі 1 миллион теңге сыйақыға ие болды. Екінші орынға 600 мың теңге бұйырды. Үздік үштіктен көрінген Шымкент құрама командасы 300 мың теңгені еншіледі. «Құрмет» арнайы жүлдесі Алматыдан келген біздің арна тілшісі Жандос Айтбайұлына берілді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Жарыс расымен керемет өтті. Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі ұйымдастырған. Жарыс қасиетті Рамазан айында тұспа-тұс келіп тұр. Жалпы, елордада БАҚ өкілдерінің расында футбол деңгейі жоғарылап кетті дегенді жиі еститінмін, міне өзімізде келіп куә болып жатырмын. О бастан алғашқыда осы топтық кездесу өткізіп жатқан кезде, фавориттер болған. Финалдық кезеңде кіл мықтыны анықталды. «Қазмедиа» командасы топ жарып жатыр. Өте тамаша ойын көрсетті.