«Айнтрахт» Еуролигада топ жарды

«Айнтрахт» Еуролигада топ жарды

«Айнтрахт» Еуропа лигасында топ жарды. Құрлықтық доданың финалы Севилья қаласында өтті және оның аясында германиялық «Айнтрахт» пен шотландиялық «Рейнджерс» жолыққан. Бірінші таймда гол соғылмады. Тек 57-минутта ғана шотландиялық клуб сапындағы Джо Арибо мергендігімен көзге түсіп, өз командасын алға шығарды.

«Айнтрахт» ойыншылары араға 12 минут салып, таразы басын теңестірді. Бұл жолы шабуылшы Рафаэль Борре мүмкіндігін мүлт жібермеді.

Негізгі ойын уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта та тараптар өзара мықтыны анықтай алмады. Ал матч соңындағы пенальти сериясында германиялық клубтың жолы болды. Қорытынды есеп: 5:4. Осылайша «Айнтрахт» өз тарихында екінші мәрте Еуропа лигасында жеңімпаз атанды және алғаш рет чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.