Паралимпиадашылар әлем чемпионатына дайындалып жатыр

Дмитрий мен Нина мектепте танысқан. Отау құрғандарына 15 жылдан астам уақыт болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті халық оларды голливудтық жұп деп атайды.  Екеуініңде есту қабілеті нашар болса да, өзгелерді жақсы түсінеді. Қазір ерлі-зайыптылар Милана есімді қыз тәрбилеп отыр. Оныңда спортқа жаны құмар.

Нина Пономарева, Армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Армрестлинг – бұл менің сүйікті спорт түрім. Алғашында қарсыласыңмен бетпе–бет кездесесің. Яғни тікелей көз түйістіресің. Артынша онымен күшіңді сынайсың.

Ерлі-зайыптылар барлық жарыстарға бірге барып, өнер көрсетеді.  Әрі жеңіспен оралады. Мәселен, Өзбекстанда өткен соңғы Азия чемпионатында олар екі алтын және екі күміс медальді қанжығаларына байлаған. 

Дмитрий Пономарев, Армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Финалға үш адам шықтық. Ауыр шайқас болды. Бірақ соңында жеңіске жеттік. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Енді қазір  біз  қазан айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз.

Бесқарағай ауданында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда жыл сайын жүзден астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Ауданда стадионнан бөлек 50-ге тарта түрлі спорт алаңдары бар.

Авторы: Самат Қайырденұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов