17 жылдан кейінгі медаль: жеңімпаз ескекшіге марапат көрсетілді

Қарағандылық ескекші Канадада өткен әлем чемпионатынан жүлделі оралды. Виктор Степанов байдарка мен каноэ жарысында қола медальға қол жеткізген. Бұл Қазақстан үшін үлкен жеңіс. Себебі дәл осы спорт түрінен жерлестеріміз соңғы рет 17 жыл бұрын жеңіс тұғырына көтерілген екен. 

Әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралған жеңімпазды жерлестері осылайша кернейлетіп, сырнайлатып қарсы алды. Осыдан 17 жыл бұрынғы Жомарт Сатыбалдиннің жеңісті жолын қайталаған Викторға құрмет ерекше болды. 

Виктор Степанов, әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Өкінішке орай, спорттың бұл түрі елімізде лайықты деңгейде дамымай отыр. Тіпті мұндай спорттың барын мүлдем естімегендер де кездесіп жатады. Кейбірі ескек есуді күреспен шатыстырады. Себебі ақпарат аз. Халық бейхабар. Менің әлем чемпионатында алған медалім жасөспірімдерді ынталандырып, келешекте осы спорттың дамуына аз да болса серпін береді деп сенемін.

Шынымен де, ескек есу спорты елімізде кенже қалып отыр. Жаттығатын жер тапшы. Жастар арасында насихат аз. Тіпті Виктор Степановтың жеке қайығы да жоқ екен. Канадада өткен әлем чемпионатында өзге қайықпен жарысқан. Соған қарамастан үшінші болып келді. Ол 200 метр қашықтықты небәрі 39 секундта бағындырған.  

Айта кетейік, Виктор Степанов бұған дейін Азия чемпионатында өнер көрсетіп, алтын медаль алған болатын. Ол жолы жерлесіміз 200 және 500 метр қашықтықта топ жарған еді. 

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар