Парадзюдодан Бакуде өткен әлем чемпионатында Жанбота Аманжол қола жүлдеге ие болды

Парадзюдодан Бакуде өткен әлем чемпионатында Жанбота Аманжол қола жүлдеге ие болды

Парадзюдодан Бакуде өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген Жанбота Аманжол елге оралды.

Кіл мықтыларды жеңіп, қола медаль ғана емес олимпиада ойындарының жолдамасын да иеленген Жанботаны Алматы әуежайынан жора-жолдастары мен туған-туыстары құшақ жая қарсы алды. 90 келі салмақта сынға түскен дзюдошы алдымен олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Кореялық балуанды ұтқан соң, Грузиндер үкілеген Гогочуриге есе жіберіп алды. Дегенмен жұбаныш белдесуінде Ирандық балуанды, ал үшінші орын үшін Неміс балуанын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан көрінді. Әлемдік рейтингіде екінші орында тұрған Жанбота Аманжол енді сәл тынығып алған соң олимпиада ойындарына дайындықты бастаймын деп отыр.

Жанбота Аманжол, парадзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері:

-  Толқып тұрмын. Қуанышты сезімде тұрмын. Осылай күтіп алып жатыр. Биікке шығарып, көкке шығарып күтіп алған жатқандарыма риза болып тұрмын. Дайындық барысы екі айға созылды. Екі айға жуық үйдің жүзін көрмей, дайындалдық. Балам дүниеге келіп жатыр. Баламды енді көруге келе жатырмын. Үйге келмегелі екі ай болып қалды. Еңбектің жемісі деп білемін.

Айта кетейік, биылғы әлемдік аламан отандық парадзюдошылар үшін өте сәтті өтті. Жанботаның қоласынан бөлек, ұлттық құрама сапындағы Ақмарал Наутбек пен Әлішер Ерғали өз салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атанды. Ақмаралдың жеңісі тарихи жетістік саналады. Өйткені ол – әйелдер арасында алғаш әлем чемпионы атанған қазақ қызы. Сонымен қатар жеңіл салмақтағы Даяна Федосова мен орта салмқатағы Олжас Оразалыұлы да қола жүлде жеңіп алып, жеңіс тұғырына көтерілді.