Ақтөбеде тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

Әлем мықтылары Ақтөбеге жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Онда тоғызқұмалақтан кезекті дүниежүзілік дода басталды. Байрақты бәсекеге 20 елден 80-нен аса спортшы қатысып жатыр. Оның ішінде Германия,Ұлыбритания, Чехия, Латвия, Үндістан,  Бангладеш сияқты Еуропа мен Азия елдерінен, бұған қоса, АҚШ пен Колумбия сияқты мұхиттың арғы жағындағы елдерден де келгендер бар. Зияткерлік тартыс рапид, блиц және классикалық ойын ережелерін қамтитын болады. Қазір әлемде спорттың бұл түріне қызығушылық жоғары. Сәйкесінше, дәстүрлі халықаралық байқауларға қатысушылар саны да артып келеді. Ал Қазақстанда 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде ойнап жүрсе, олардың 10 мыңға жуығы кәсіби спортшы. 

Әлихан Байменов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

- Соңғы жылдары тек қана офлайн ғана емес, сонымен қатар мына ұялы телефондағы қосымшалар арқылы  да, онлайн платформалар арқылы да тоғызқұмалақ кеңінен дамуда. Мысалы мына Канаданың азаматы әзірлеген, Польшаның азаматы әзірлеген онлайн платформалар бір сәтте жүз шақыты адамның ойнауына мүмкіндік береді.