Ақтөбе облысында спортты серік еткендер көбейді

Ақтөбе облысында спортпен айналысатын жастардың қатары артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек Мұғалжар ауданы бойынша үш мыңға жуық жасөспірім тұрақты жаттығып жүр. Әсіресе, еркін күрес, волейбол, бокс және пауэрлифтингпен шұғылдануға қызығушылық басым. Соңғы аталған спорт түрі облыс бойынша тек Қандыағаш қаласында жақсы дамыған. Пауэрлифтингпен мүмкіндігі шектеулі жандар да айналыса бастаған.

Гүлім Құрманбаеваның парапауэрлифтингпен айналысып келе жатқанына сегіз жылдан асқан. Осы уақыт ішінде жеткен жетістігі аз емес. Бірнеше мәрте ел чемпионы атанса, биыл оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатының күміс медалін иеленді. Өз салмақ дәрежесі бойынша талай рекорд орқатқан Гүлім қазір кезекті халықаралық деңгейдегі жарысқа дайындалып жатыр.

Гүлім Құрманбаева, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Бұл спорт маған көп нәрсе берді негізі. Өзімді шыңдадым. Қазір жоспар бізде келесі болатын үлкен жарыстар. Яғни, ақпан айында Дубайда болады дейді. Енді соған дайындаламыз. Одан кейін наурыз айында Қазақстан кубогі болады Таразда. Соған дайындық. Одан кейін май айында параолимпиада болады. Сол үлкен жарыстар бар.

Пауэрлифтинг Ақтөбе облысы бойынша негізінен Қандыағаш қаласында жақсы дамыған. Бүгінде бұл спорт түрімен 200-ге жуық жасөспірім тұрақты айналысып жүр. Арасында, Ақтөбе мен Хромтау ауданынан келіп жаттығатындар бар. Бұған дейін ондаған республика және халықаралық дәрежедегі жарыс чемпиондарын дайындап, есімі елге танылған жаттықтырушы Сергей Ведюшкин тек биылдың өзінде өзі тәрбиелеп жатқан 30 баланың жүлделі орындар иеленгенін айтады. Енді келер жылдың жарыстарына дайындық басталған. Жаттығуды күшейткендердің арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.  

Сергей Ведюшкин, Пауэрлифтингтен Ақтөбе облысының бас жаттықтырушысы:

- Менде жеті бал бар, именно Қандыағашта тұратын. Сол жеті баланы дайындап жатырмыз. Бұйырса наурызда ҚР чемпионаты өтеді Астанада. Соған дайындап жатырмыз. Мұнда жағдай керемет.

Мұғалжар ауданы бойынша жыл сайын спортпен айналастын бала саны 20-30% көбейді. Тек аудан орталығы Қандыағаштағы балалар мен жасөспірімдер мектебінде бүгінде 1300-ге жуық жасөспірім жаттығып жүр. Ғимарат тарлывқ ете бастаған соң жуырда тағы бір жаңа нысан іске қосылды. Әзірге мұнда волейбол, еркін күрес, үстел теннисі, пауэрлифтинг дәріптеліп жатқанымен жаңа жылдан бастап су спорты да іске қосылмақ.

Жеңіс Марқабайұлы, Қандыағаш қалалық балалар спорт мектебінің директоры:

- Сұранысқа ие жекпе-жек спорты, еркін күрес, бокс спорты жақсы. Бүгінгі таңда біздің Қандыағаш қаласының жалпылама айтатын болсақ, 30% спортқа жақын. Біздер 4-5 спорт түрін ашқымыз келеді. Қол күресі бар, баскетбол, гір спорты бар.

Бүгінде аудан бойынша 177 спорт нысаны бар. Оның 13-і биыл пайдалануға берілген. Мамандар қажеттілік артса бұл көрсеткіш әлі де өзгеруі мүмкін екенін айтады.