Алматыда шахматтың рапид пен блиц түрінен әлем чемпионаты өтуде

Алматыда шахматтың рапид пен блиц түрінен әлем чемпионаты өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл сынға әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған Магнус Карлсеннен бастап барлық мықтылар келді. Дүниежүзілік доданың ұтыс қоры да қомақты. 1 млн АҚШ долларына тең. 283 ойыншыны сыйдырған Балуан Шолақ атындағы спорт аренасында бүгін рапидттен алғашқы тур ойындары өтті. 

Әйгілі гроссмейстер Гарри Каспаров «шахмат ақылдың азабы» десе кейбіреулер логикалық ой өрісті дамытатын спорт түрі дейді. Қысқасы  Алматыда ақыл мен ойдың таразысы тартылды. Енді кім басым түседі деген сауалға жауап іздейтін боламыз. Сөз жоқ басты фаворит норвегиялық Магнус Карлсен. Жарыс басталардан бұрын журналистермен жүздескен әлемнің 16 дүркін чемпионы өз жоспарымен бөліскен болатын.

Магнус Карлсен, гроссмейстер:

- Шахмат шын мәнінде, интеллектуалды ойынға айналды, оны ойнау үшін адамның қай жерде жүргені маңызды емес, үйде де ойнауға болады.  Қазір сіздердің елде ғана емес әлемде шахматқа деген қызығушылық арта түсті. Өйткені шахмат – психикалық денсаулықты сақтаудың тамаша тәсілі. Жарысқа келер болсақ үлкен дайындықпен келдім. Мақсатым біреу ғана тек жеңіс тұғырынан көріну.

Шын шеберге тұсау бар ма? Магнус алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Карлсен біліп айтады. Біздің елімізде де шахматқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе жасөспірімдердің белсенділігі жоғары. Бүгін шахматтың шын мықтыларын көруге асыққан бүлдіршіндер Балуан Шолақ сарайын лық толтырды. Солардың бірімен шаршы тақта алаңында шеберлік байқасып көрдік. Енді бірімен тілдесудің сәті түсті.

Айша Ордабаева, жас шахматшы:

- Мен 7 жастан шахматқа барамын. Турнирлерге барамын. Магнус Карлсенді  көруге келдім және Жансая Әбдімәлік соларға қолдау көрсетуге келдім.

Әлем мықтыларымен үзеңгі  қағыстырып жүрген біздің қыздарымыз бар. Ендеше сол Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова және Бибісара Асаубаевалардан жүлде күтетініміз рас. Ал ерлер арасында тәжірибелі Ринат Жұмабаев пен жас талант Қазыбек Нөгербектер осы рапид пен блицтен әлемдік жарыстарда жүлде алып жүр. Бабы келіп бағы жанып жатса жүлде алуы әбден мүмкін.

Олжас Меңғали, шахмат сарапшысы:

- Ұлдар енді-енді ақырындап-ақырындап күшейіп жатыр. Әлем чемпионаттарында 2-орын алып 3-орын алып деген сияқты. Өйткені жастар еліктейді ғой. Бізде осылай мінбеге шықсақ. Бізде осылай халықтың алдында сөйлесек, сахнаға шықсақ деген ниетпен бізде қазір шахматқа деген қызығушылық көбейіп жатыр.

Сонымен шаршы тақтадағы шайқастар басталып кетті. Алдымен рапид сосын блиц бойынша жүлделі орындар сарапқа салынады. Әлем біріншілігі 30-шы желтоқсан күні мәреге жетеді.