Қазақстан қоржынына 2 күміс медаль түсті

Лейк-Плэсид Универсиадасы да мәреге таяп қалды. Сенбілік жарыс күні Қазақстан қоржынына тағы да 2 күміс медаль түсті.

Биатлоншы Александр Мухин 15-шақырымдық массартта мәре сызығын екінші болып кессе, Шорт-тректен жігіттеріміз командалық эстафетада күміс медаль алды.

Қоржынымыздың қос бүйірін шығарған биатлоншыларымыз жарап тұр. Қазақстан ерлер құрамасы Универсиаданы алтынмен бастап күміспен аяқтады. Жарыстың соңғы күні 15 шақырымдық масстартта Александр Мухин күміс жүлде алды. Ал хоккейшілер алысқа бара алмады. Топтық кезеңде тіске жұмсақ қарсыластарын ойсырата жеңген жігіттердің Америка мен Канадаға шамасы жетпеді. Жартылай финалда үйеңкі жапырақты елдің студенттері 4:1 есебімен жеңіске жетіп финалға жолдама алды. Енді Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін Жапониямен кездеседі.

Сағдат Садықов, Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбие орталығының директоры:

- Әрбір споптшының келесі жарысқа дайындалуы, оның бұлшық еті, оның  қандай тамақ жеуі оның бәрі ғылыми бағытта зерттелуі керек. Қазір бізде ұлттық ғылыми практикалық орталық осы ғылым жағына аса көңіл аударып отырмыз. Сондықтан ғылымсыз жоғаоы шыңға жету қиын спортта. Оны біз осында жүріп көрдік.

Сенбілік жарыс күнін шорт-трек шеберлері қортындылады. Лейк-Плэсид аренасында Универсиада емес Оңтүстік Корея біріншілігі өтіп жатқандай болды. Олимпиада және әлем чемпиондарын әкелген кәрістер бас жүлдені ешкімге берген жоқ. 5 мың метрлік командалық сайыста біздің жігіттер барынша тырысты бірақ, бұйырғаны күміс медаль.

Әділ Ғалиахметов, Универсиаданың күміс жүлдегері:

- Барлықтарыңызға рахмет, барлық жанкүйерлерге, бізге қолдау көрсеткендерге. Жарыс енді кішкене ойдағыдай өткен жоқ. Алтын алуға тырыстық, алтын алғымыз келді. Бірақ бұйырғаны осы болды, бірақ күміске де өте қуаныштымыз, біз үшін үлкен жеңіс деп ойлаймын.

Нұрберген Жұмағазиев, шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Жас спортшыларымызды одан сайын көтеріп, келесі әлем додаларында осы кәрістермен бірдей деңгейде болып,алтынға таласуға болады деген үміттеміз. Себебі олар әрдайым мықты болып жүре бере алмайды. Айтады ғой чемпион болу оңай, чемпиондықты ұстап тұру қиын деп. Себебі басқа спортшылар да өседі.

Ертең Универсиаданың соңғы күні. Шаңғышы қыз-жігіттер ұзақ қашықтыққа жарысады. Ксения Шалыгина бастаған спортшылардың жолына үмітпен қараймыз. Бейресми командалық есепте Қазақстан құрамасы 3 алтын 4 күміс 2 қола медальмен 10-шы сатыда келеді.