Коньки жарысынан Қазақстан кубогі аяқталды

Медеу мұз айдынында коньки спортынан Қазақстан кубогі жолындағы жарыс аяқталды.

Еліміздің 7 облысынан және Астана мен Алматы қаласынан 110 үміткер жарыс жолына шығып, жүлделі орындарды өзара бөлісті. Алайда Медеуге мықтылардың барлығы келе алған жоқ. Сондықтан болар конькишілер тіпті, ел рекордын-да жаңарта алмады. Ал ұлттық құрама сапындағы, тәжірибелі спортшылар, дәл қазіргі таңда әлем кубогында сынға түсуде. Кеше 1000 метрде Қызылжарлық қыздар ешкімге дес бермеді. Спорт шебері Арина Ильященко жеңіс тұғырынан көрінсе, Алена Лифатова күміс, Кристина Шумекова қола жүлдегер атанды. Ерлер  арасында рудныйлық Дмитрий Филатов топ жарды. 5 мың метрде, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Андрей Зуев, ел кубогына иелік етсе, қыздар арасындағы 3 мың метрлік сайыста Диана Бачурина топ жарды. 

Людмила Прокашева, жаттықтырушы:

- Ел кубогі жолындағы жарыс тартысты өтті деп айтуға болады. Үміткерлердің көбі ересектер жарысына енді қатысып жүр. Соған қарамастан өздерінің жеке рекордтарын жаңартып жатыр. Ашық аспан астында өткен жарыстың қиындықтары да бар. Мысалы қазір мың метрде конькишілер көсіле алған жоқ. Өйткені жел тұрып жылдамдыққа кедергі жасады. Енді дәл осы жерде ертең ел чемпионаты басталады. Командалық сайыс тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.