Павлодарда IV қысқы жастар ойындары басталды. LIVE

Павлодарда бірнеше сағат бұрын жастар арасында IV қысқы ойындары салтанатты түрде ашылды. Шайбалы хоккей жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен мықты командалар жиналды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Шайбалы хоккей ойындары облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайында өтіп жатыр. Бұл жарысқа еліміздің 9 облысының кіл мықтылары келді. Алдағы бірнеше күнде 17-19 жас аралығындағы жастар шеберлік байқаспақ.

Жарыс басталмас бұрын командалар арасында жеребе тарту шарасы және комиссия отырысы өтті. Осылайша, қарсылас командалар анықталып, жарыс күндері нақтыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бәсекеге бас-аяғы 200-ге жуық жасөспірім келді. Спортшылар үшін бұл – аса маңызды спорттық шара. Себебі 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын ойындардың қорытындысы бойынша хоккейден ұлттық команданың құрамы жасақталады. Яғни, дарынды жасөспірімдер қатаң іріктеуден өтеді. Мықты ойыншылар алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі чемпионаттарға қатыса алады. Сонымен қатар бұл жиын жастар командаларының шеберлігіне сараптама жасап, алдағы кешенді даму жоспарын жасауға мүмкіндік береді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта отандық хоккей командасы әлемдің рейтингте 26 елдің арасында 14-ші орында тұр. Осы тектес жарыстардың арқасында еліміздің құрамасы жақсы көрсеткіштерге ие. Дәл қазір мұз сарайының төрінде Павлодар және Алматы командалары бақ сынасып жатыр.

Ертіс өңірінде спорт саласы дамытуға баса назар аударылған. Алдағы бірнеше жылда 200 спорт нысаны бой көтереді. Өткен жылы облыстың қала-аудандарында ондаған объекті қолданысқа берілген. Бұл шаралар 2025 жыға дейінгі кешенді жоспар шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, спортты дамытуға 48 млрд теңге бағытталмақ. Ал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша 3 мұз сарайы, жеңіл атлетикалық манеж, көркем гимнастика орталығы және 20 стадион ашылады. Шаралар сәтті жүзеге асырылса, 2025 жылға дейін спортпен шұғылданушы халықтың саны 375 мыңға жетпек.