Қатар астанасында дзюдодан дүиежүзілік дода өтіп жатыр

Әлем үздіктері Дохаға жиналды.

Қатар астанасында дзюдодан дүиежүзілік дода өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге қатысушылар арасында өзіміздің жерлестер де бар. Бас-аяғы 19 спортшымыз бағын сынайды. Бірақ, олар ә дегеннен жүлдеге іліге алмады.

Доха қаласындағы әлем чемпионаты менің оң қапталымда тұрған жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Байрақты бәсеке ә дегеннен тартысты басталды. Өйткені, әлем чемпионаты бұл жылдың басты жарысы болып есептеледі. Бұнда жеңіске жеткен спортшыға екі мың рейтингілік ұпай беріледі. Бұл Париж олимпиадасының алдында өте маңызды. Одан кейін миллион долларды құрайтын жүлде қоры да бар.  

Жарыстың алғашқы күні 4 жерлесіміз татамиге шықты. Әсіресе, ұлттық құраманың үздігі Елдос Сметовтың белдесуін көпшілік асыға күткен еді. Өйткені, ол жарақатына байланысты ұзақ уақыт халықаралық жарыстарға қатыса алмады. Енді қазір қайтадан бабына келгенін байқадық. Бірақ, жүлдеге қол соза алмады. Алғашқы белдесуінде Түркіменстан өкілін жеңгенімен, одан кейін Өзбекстан спортшысына есе жіберді.

Елдос Сметов, ұлттық құрама мүшесі:

- Бұл енді спорт. Спорт болғаннан кейін бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Ештеңе айта алмаймын. Барлық жағынан дайын сияқты болдым өзім. Қанша жылдық тәжірибеміз бар. Жіберген қателікпен жұмыс жасаған, жарақатпен жұмыс жсаған. Бұйрық болмай тұр шыны керек. Әйтпесе, жеребе маған жолдас болған. Енді өзімнің қателіктерім. Мүмкін бір жерде дұрыс жұмыс жасалмаған шығар.

Артынша ұлттық құрама сапындағы Нұрқанат Серікбаев, Ғалия Тыныбаева және Әбиба Абужақыновалар да жарысқа араласты. Нұрқанат пен Ғалия алғашқы жекпе жектерін ұтқанымен, іріктеу кезеңінен аса алмады. Жерлестеріміз арасынан Әбиба ғана қола жүлде үшін күресуге шықты. Бірақ, ол да ақтық сында италиялық Скутто Ассунтадан жеңіліп қалды.

Әбиба Абужақынова, ұлттық құрама мүшесі:

- Мен дайын келгем негізі жарысқа. Үшінші орны емес, бірінші орын алғым келген. Ұтылып қалдым. Қатты прямо қалаған жоқпын. Кішкене иығымды ауыртып алғам. Екінші схваткада. Моңғол қызымен күрескенде. Бірақ, оны ойцламау керек жарақатты. Не де болса, медаль алғым келген. Иығым түсіп қалса да медаль алғым келді. Сол ала алмадым. Өзімнің қателігім. Басқа жарыста алам. Бұйырса олимпиадада шығар.

Бүгін тағы қос салмақтағы үздіктер анықталады. Дәл осылай әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар он төртінші мамырға дейін он төрт салмақтағы медальдар жиынтығын сарапқа салмақ. «Қазір ұлттық құрама мүшелері жарыс алдындағы дайындықты пысқытап жатыр. Әсіресе, осы жеңіл және орта салмақтарда жүлдегер атануға мүмкіндік бар», - дейді команданың басы қасындағы мамандар.

Авторы: Аслан Қаженов