Ташкенттегі әлем біріншілігінде ел атынан 8 боксшы сынға түсіп жатыр
Ташкентте бокстан әлем біріншілігі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Екі жылда бір мәрте жалауы желбірейтін бәсекеге Қазақстан құрамасы 13 салмақта 13 спортшыны алып барды. Соның 8-і жарысты сәтті жалғастыруда. Бұдан бөлек, өзге ел атынан сынға түсіп жатқан қандастарымыз да бар. Бір ғана Қытай құрамасында 2 қазақ баласы сынайды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстан астанасында кейінгі 10 күннен бері ерекше атмосфера. Мына біз тұрған спорт кешеніне жанкүйер әр елден ағылып жатыр. Ақтық сын жақындаған сайын қызығы көбейе түсуде. Осылардың арасында көзге оттай басылатын бір жайт бар. Ол – сырт ел атынан сынға түсіп жатқан 8 бірдей қандасымыздың болуы.
Ташкентте бұрын-соңды бокстан әлем біріншілігі өтпеген. Тұтас Орталық Азияда тек екінші рет жалауы желбіреп тұр. Алғашқысын 2013 жылы Алматы қабылдады. Жарыста ұзын-саны 21 қазақ өнер көрсетіп жатыр. Соның 13-і – Қазақстан құрамасының өкілдері. 63 жарым келі, яғни олимпиадалық салмақта Санатәлі Төлтаевтың жолы болмады. Есесіне Өзбекстан атынан шығып жатқан Руслан Абдуллаевтың асығы алшысынан түсті. Қыбырай ауданының қазағы қарсылас шақ келтірмей, ширек финалға дейін жетті. Бір қызығы, Руслан 2020 жылы Қазақстанға қоныс аударып, еліміз атынан сынға түскісі келген. Бірақ ұлттық құрамаға енуі қиынға соқты.
Руслан Абдуллаев, боксшы:
- Мені қолдап жатқандарыңызға рақмет. Қазақ еліне рақмет айтамын. 1-ші, 2-ші жекпе-жекте жеңіп алдым. Құдай қаласа, осы жарыста чемпион болу, одан кейін олимпиада алтынын алу ғой – мақсатым.
Қытай құрамасы сапында да қос қандасымыз бар. Байқоныс Данабек пен Тоқтарбек Таңатқан – Тарбағатай және Алтай өлкесінің қазақтары. Әлем біріншілігінде кемінде біреуі жүлде еншілеуі мүмкін. Ауыр салмақта өнер көрсететін Байқоныс осы жарыстың негізгі сенсациясын жасады. Бірінші нөмірлі боксшыны тізе бүктірді. Тоқтарбекке де үлкен үміт артылып отыр.
Әбдішүкір Мәжит, Қытай құрамасының жаттықтырушысы:
- Екеуі де Шыңжаң бокс командаға келгелі 2011-2014 бері жүр. Тоқтарбек Токио олимпиадасына қатысты. Байқоныс 2 жылда жақсы дайындалды. Балалар жақсы өсті. Кубаның бапкерлерін алып келіп, жаттықтырдық. Қытай спорт комитеті, федерация барлық жақтан көмек көрсетіп жатыр.
«Өкініштісі, бұл әлем біріншілігінде Қазақстан үшін төрелік әділ болмай отыр»,- дейді спорт сарапшылары. Соның салдарынан кей боксшымыз жүлдесіз қалды. Сәкен Бибосыновтың күмәнді жеңілісінен кейін Қазақстан бокс федерациясы жарыстың қалған бөлігіне қатыспау мәселесін көтерді. Кейін шешім өзгерді.
Артур Әбдурахманов, қазақстандық жанкүйер:
- Өзіміздің жігіттерге қолдау көрсету үшін келіп отырмын. Оларға бұл күш-қуат береді деп ойлаймын. Қытай елінен қазақ жігітіміз мықты. Жаңа жеңді. Осылай қарқынды ұстаса, ол да жүлдені алады.
Жалпы елімізде бокс – бұрыннан ең танымал спорттың түрі. Былғары қолғап киген оғландарымыздың өзге ел атынан сынға түсуі қалыпты үрдіске айналған. Бапкерлеріміз жайында да көпшілік осындай пікірде. Бірқатары шет мемлекеттердің құрамаларын жаттықтырып жүр. Ташкенттегі әлем біріншілігі мамырдың 14-і күні аяқталады.
Авторы: Рауан Мыңбаев.