Алматы хоккей лигасының кезекті маусымы мәреге жетті
Дәстүрге айналған финалдық ойынға жанкүйерлер көп жиналды.
Халық Арена мұз айдынына «Әуесқой» және «Әуесқой PRO» дивизиондарының үздіктері шықты. Қалалық лиганың қорытынды жарысына арнайы Ұлттық құрама мен «Барыс» хоккейшілері шақырылған.
Хоккейден қалалық чемпиондықты сарапқа салу үшін 4 команда бақ сынады. Almaz Family, Almaz Pro, Bro Team және Nomad ойыншылары екі дивизион бойынша үздікті анықтайды. Бір жылға жуық созылған лиганың қатысушылары финалдық ойынға ұзақ дайындалған.
Александр Ли, Almaz Family хоккей клубының жаттықтырушысы:
- Біз осы маусымда үш топқа бөлініп жарысқа шықтық. Almaz Family командасының ойыншылары әуесқой болғанымен тәжірибесі мол. Құрама биыл ғана жасақталғандықтан ұзақ және тұрақты жаттығу жасадық. Маусымдық ойынның барлығынан қалмай қатыстық.
Бірінші дивизионда Bro Team командасы Almaz Family ойыншыларынан басым түсіп, чемпион атанды. Әуесқойлар маусымы болса да жанкүйерлер көп жиналған. Хоккей сүйер қауыммен кездесуге Қазақстан құрамасы мен «Барыс» хоккейшілері арнайы келген.
Әділ Бекетаев, Қазақстан құрамасының қорғаушысы:
- Әлемдегі мықты командалармен өткен ойындар қызықты болды. Әсіресе Еуропа немесе Канаданың құрамаларымен тартысты ойын өткіздік. Маусымды аяқтағанымызға бірнеше күн ғана болды. 10 ай бойы демалыссыз жарыстарда болдық.
Алматының әуесқойлар хоккей лигасы осы маусымда жалпы 90 ойын өткізген. Шамалы үзілістен кейін жаңа маусымның жарыстары басталады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев