Астанада авто және мотоспорт маусымы ашылды

Биыл елордадағы авто-, мотоспорт маусымы дәстүрлі дерби жарысымен ашылды.

Бұл жарыс түрі алғаш рет Америка Құрама Штаттарында бастау алып, күллі әлемге танылды. Ал Астанада екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Додаға 12 үміткер қатысты. Жарыс ережесі бойынша жүргізушілер бірінен бірі оза түсіп, қарсыластың темір тұлпарын тоқтату үшін дөңгелегін немесе қозғалтқышын істен шығаруы тиіс. Көлігіне ең аз залал келген автошабандоз жеңімпаз атанады. Техника міндетті түрде артқы жетекті болуы шарт. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта ел аумағында  осындай шоу өткізгісі келеді.

Анатолий Бондарь, ұйымдастырушы:

- Ереже бойынша бетпе-бет және жүргізуші отырған есіктен соқтығысуға болмайды. Көліктің шанағы мен ішкі салоны темір жақтаулармен бекітілуі тиіс. Жүргізуші міндетті түрде шлем киіп, өрт сөндіру құрылғысын өзімен бірге алып отыруы қажет. Терезедегі әйнектің орнына темір тор орнатылады.

Уәлихан Мұхамеджанов, автожарыс кезеңінің жеңімпазы:

- Мұхаммед Әлидің тактикасын қолдандым. Көлігімді мейлінше сақтап, қарсыластардың азайғанын күттім. Мұндай жарыста қулық керек. Ең басты қару осы. Осыдан үш күн бұрын көлігім бұзылып жатқан. Қысқа уақыт ішінде жөндеп берген механик достарыма алғыс айтамын.