Таразда Қазақстанның VI Жазғы спартакиадасы ашылды
Таразда Қазақстанның алтыншы Жазғы спартакиадасы салтанатты түрде ашылды.
Дүбірлі дода әр төрт жылда бір рет өтеді. Бұл жолғы бәсекеге 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың спортшылары жиналды.
Салтанатты шара театрландырылған қойылымнан басталды. Спартакиада алауы жағылып, еліміздің әр аймағынан келген командалар таныстырылды. Олар спорттың 27 түрінен сынға түседі. Ашылу рәсімінде спорт министрі саңлақтарға сәттілік тілеп, шараның маңызын атап өтті.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Спартакиаданың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларына ең мықты спортшыларды жасақтау және халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде Парижде өтетін 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық жарыстарға қатысуға үміткерлерді анықтау.
Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында жамбылдық қос спортшы алтын мен күміс жүлде еншілеген. Шарада былғары қолғап шеберлерінің бапкерлеріне Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасы табысталды.
Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:
- Спартакиаданың ашылу салтанатының киелі Жамбыл жерінде өтуі біз үшін зор мақтаныш, мерейлі мәртебе. Тараз топырағы – талай талантты спортшылардың томағасын сыпырып, түлеткен қасиеттi мекен. Бұл тұрғыдан біз олимпиада жұлдыздарымен мақтана аламыз, олардың жеңісті жолы жас ұрпаққа үлгі.
Асланбек Шымбергенов, бокстан әлем чемпионы:
- Бұл спартакиада 10 жыл бұрын тоқтап қалған. Қазір қайтадан жаңартылып жатыр. Бұл өте жақсы. Жас спортшыларға былай айтқанда спортпен шұғылдануға үлкен мүмкіндік, үлкен мотивация.
Спорт мерекесінің ашылу рәсімін 12 мың адам тамашалады. Шара өнер иелерінің концерттік бағдарламасына, мерекелік отшашуға ұласты. Маңызды бәсекенің волейбол, дзюдо және су добы жарыстары Таразда өтеді.
Мерей Бает Тимур Сейілхан Руслан Ахатіллә