Азия құрлығының үздік шахмашылары Алматыда бас қосты
Шахматтан Азия құрлығының үздіктері Алматы қаласында бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құрлықаралық чемпионатқа 18 елден 128 үміткер қатысып жатыр. Олар алдымен блицте бақ сынады. Жылдам шахматта жерлестеріміз ешкімге дес берген жоқ. Қыздар арасында Ксения Балабаева топ жарса, ерлер сынында Арыстан Есенжоловтың асығы алшысынан түсті. Қазір классикалық шахматтан жүлделі орындар сарапқа салынып жатыр. Бесінші турдан кейін әзірге үндістандық Мари Гомес алдыңғы сатыда келеді. Назерке Нұрғалидың да жүлделі орыннан үміті бар. Ерлер сайысында Мұртас Қажығалиев пен Ринат Жұмабаевтардың турнир кестесіндегі жағдайы жақсы.
Классикалық шахматтың жеңімпаздары 11 маусым күні белгілі болады.
Хусан Турдалиев, төреші:
- Өткен жылы дәл осы жерде әлем чемпионатына жиналған едік. Енді, міне, Азия біріншілігіне келіп отырмыз. Бұл жолы да жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Шахматшыларға барлық жағдай жасалған. Жалпы әр келген сайын сіздің елде шахматтың қарыштап дамып келе жатқанына куә боламыз. Блицте жергілікті спортшылар жүлде алды. Енді классикалық шахматта да қазақтар жүлде алады деп ойлаймын.