Алматыда баскетболдан ел біріншілігінің екінші тур ойындары өтіп жатыр
Алматыда баскетболдан жастар арасындағы ел біріншілігінің екінші тур ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыс құрамалары және Астана мен Алматы, сондай-ақ Шымкент командалары өзара шеберлік байқасып, плей-офф жолдамасын сарапқа салуда. Дәл қазір Түркістан облысы мен Алматы құрамасы жеке дара топ бастап келеді. Қоржындарында 21 ұпайдан бар. Атырау, Астана және Қостанай мен маңғыстаулық баскетболшылар да жүлделі орыннан дәмелі. Үшінші турдан кейін сегіз команда финалдық кезеңге жолдама алып, Қостанайда болатын төртінші кезеңде ел чемпионатының жүлдегерлері анықталады. Ойыншылар арасында Жетісу облысын төрге сүйреп жүрген Аймерген Алмахун үздіктер көшін бастап тұр. Астаналық Дінислам Әбілсейтұлы мен павлодарлық Әмірәлі Сүлейменов те көзге түсіп, мерген ойыншылардың қатарында келеді.
Иван Гайна, баскетболдан мемлекеттік жаттықтырушы:
- Екінші тур ойындары өте тартысты өтіп жатыр деп айтар едім. Дәл қазір плей-офқа қай командалардың шығатынын дөп басып айту қиын. Турнир кестесінде командалар иық тірестіріп тұр. Барлық мәселе үшінші турдан кейін шешіледі. Ойыншылардың шеберлік деңгейі өсіп келеді. Әр тур сайын жаңа бір қырларынан танылып, ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түсіп жүр. бұл – қуанарлық жағдай.
Қамбар Жолдыбаев, «Тобыл» командасының ойыншысы:
- Біз қазір 4-ші орында тұрмыз. Ертеңгі жеңіспен біз үшінші орынға көтерілеміз. Бұл турда біз бүкіл ойындарда жеңіске жеттік. Тек бір-ақ ойын ұтылдық. Сондықтан біз үшін бұл тур сәтті өтті деген ойдамын. Өйткені 8-ші орыннан үшінші орынға көтерілу бұл өте қиын болды және бұл өте сәтті тур болды.