Германиядағы Арнайы Олимпиада ойындарында қазақ спортшылары 25 медаль ұтты
Германияда ақыл-ой дамуы кешеуілдеген адамдарға арналған Олимпиада ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жарысқа әлемнің әр елінен 7 мыңға тарта спортшы келіпті. Арасында біздің атлеттер де бар. Отандастарымыз көркем гимнастика, пауэрлифтинг пен үстел теннисінде жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Халықаралық Арнайы ойындар 4 жыл сайын өтеді. Оған қатысушылар 26 спорт түрі бойынша күш сынасып жатыр. Қазақстан атынан 54 атлет сынға түсті. Көбі мұндай жарысқа алғаш рет қатысты.
Жанерке Рыскелді, Арнайы Олимпиада ойындарына қатысушы:
- Германияға бірінші рет келдім. Мен дзюдоға қатысамын. Төртінші орын алдым. Жарыс күшті өтті, қуаныштымын. Бірінші жарысым болған соң қобалжыдым.
Қазақстандықтар 13 спорт түрінен сайысқа шықты. Қазір біздің құраманың қоржынында 8 алтын, 7 күміс және 10 қола медаль бар. Алғашқы алтынды көркем гимнастика шебері Әйгерім Исабаева алды. Отандастарымыз бадминтон, боулинг пен пауэрлифтингте де жеңіске жетті.
Гүлнар Әсемқұлова, «Қазақстандық Арнайы Олимпиада» ҚБ Алматы филиалының директоры:
- Олимпиада өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біздің балаларымыз көңілді. Бізге мотивация береді, тек бізге емес, біздің балаларымызға да мотивация береді. Кешелі бері олар да айтып жатыр, ендігі Олимпиадаға жақсы дайындықпен келуіміз керек деп. Сондықтан олар үшін өте керемет мүмкіндік. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамдық ортаға әлеуметтендіру спорт арқылы жүреді. Сондықтан бұл жарыс балалар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды.
Спортшыларымыздың қолдаушылары да көп. Германияда тұрып жатқан қазақстандықтар қаптап келген. Арнайы олимпиада ойындары жалғасады.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева.