Елордада киберспорттан «Alaman» турнирі өтті

Елордада киберспорттан «Alaman Fest» турнирі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оффлайн сайыста өңірлерде үздік шыққан командалар өнер көрсетті. Онлайн ойындар фестивалінде жастар арасында танымал блогерлер мен стримерлер де бас қосты. Жарыстың жүлде қоры – 3,5 миллион теңге. Жеңімпаздар қаржылай сыйақыдан бөлек, халықаралық додаға жолдама алды.

Counter-Strike: Global Offensive, Mobile Legends: Bang Bang – бұл әлемге танымал ойындар. Қазақстандық киберспортшылар аталған бейнеойындардан мықтыны анықтау үшін жекпе-жек сарайына жиналды. Alaman Fest – ең беделді сайыстардың бірі. Қатысушылар әр аймақтан жиналып, бірнеше ай дайындықтан өткен.   

Абылай Әмірханов, қатысушы:

- Командам, міне, бұл – Картие деген ойыншы, мынау – Рус деген ойыншы, Ұлан, тағы екеуі бар. Солардың арқаларында шығып тұрмыз финалға. Ойын немен қызықты десеңіз, өте жиі осындай турнирлер болып тұрады. Астанаға шақырады, басқа қалаға шақырады. Сонымен өте қызықты, ойынды 15 жасымнан ойнаймын.

Бұнда 10 жылға жуық шеберлігін шыңдаған ойыншылармен қатар жас әуесқойлар жиналды. Барлығының мақсаты – киберспорт кереметін сезініп, игерген машығын паш ету. Жеңімпаздар үшін қаржылық ынталандыру көзделген.

Санжар Талғат, қатысушы:

- Менің командам аты – «Авангард». Бірге ойнап жүргенімізге 3-4 ай болды. Көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрік. Ең бастысы, талпыныс керек. Алдыңа мақсат қою керексің, сол мақсатқа жету үшін барлық күшіңді салу керексің.

Киберспорт турнирін ұйымдастырушы Бауыржан Сәдиев ойышылар арнайы ережелерді сақтауы тиіс дейді. Мәселен, күнделікті жаттығуды 6 сағаттан асырмай, физикалық қимыл-қозғалыспен алмастырып отыру керек. Дұрыс тамақтану режимін сақтау маңызды.

Бауыржан Сәдиев, ұйымдастырушы:

- Біріншісі ол классика дейміз ғой, 90-жылдардан болып келе жатқан ойын. Біздің елімізде Counter-Strike ең танымал, өйткені біздің отандастарымыз 2017 жылы әлем чемпиондары болып аталды. Екінші ойын – ол жас ойын дисциплинасы. Ол – мобильді ойын. Өйткені қазіргі кезде елімізде мобильдік ойындар өте тез дамып жатыр. Сондықтан киберспорт бір орында тұрмай, осындай турнирлер өткізіп жатырмыз.

Қазақстанда киберспорт 2017 жылы ресми спорт ретінде тіркелді. Алғашқы турнирлер 90-жылдардан бастау алады. Ресми санақ бойынша, әлемде 3 млрд адам онлайн ойындармен әуестенеді.

­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­