Ақтау жастары ұлттық спорт ойындарында бақ сынасты
Байрақты бәсеке 15-ші шағын аудандағы дала сахнасында өтті.
Жарыста 18 бен 35 жас аралығындағы 120 адам спорттың 5 түрінен өз шеберлігін байқатты. Жеңімпаздарға кубок, арнайы диплом және ақшалай сыйлық табысталды. Көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақырған жаңа жоба алдағы уақытта аудан-ауылда жалғасады.
Жарысқа 5 шағын аудан тұрғындарынан құралған 5 команда қатысты. Белсенді жастар осындай жарыс өткізуді біраз уақыттан бері сұрап келіпті. Жастар ресурстық орталығының басшылығы көптің тілегіне қабыл алып, ұлттық спорт ойындары амфитеатрда өтетінін әлеуметтік желі арқылы хабарлаған. Сайысқа қатысушылар ләңгі тебу, арқан тартыс, қазақ күресі, қол күресі және гір тасын көтеруден сынға түсті.
Мейрамбек Аманқосов, жарысқа қатысушы:
- Ұлттық спорт шаралары жақсы өтіп жатыр. Біз осы шараға 28-шағын аудан атынан келіп тұрмыз. Гір спорты түрінен қатысайын деп жатырмын. Қарсыластарым жаман емес, барлығы мықты. Мен де ондай осал емеспін.
Байрақты бәсекені өңірдің жастар ресурстық орталығы мен дзюдо күресі және жекпе-жек түрлері федерациясы бірігіп ұйымдастырды. Ереже бойынша, әр топта 16 адамнан кем болмауы тиіс. Әрқайсы спорттың белгілі бір түріне жанкүйер, кейбірі тұрақты шұғылданады. Жалпы бұған дейін Ақтауда мұндай жарыс шағын көлемде өткізілген.
Мұқаш Оралбай, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Шағын аудандардың азамат жігіттерінің бастамасымен ұлттық ойынлар сайыстары өтіп келді. Бірақ, оның ауқымы шағын еді. Бүгінгі күні ауқымды ұлттық спорт ойындары өтіп жатыр. Ойыншылардың өнерінен бөлек топтық, ұжымдық өзара бір жақсы қарым-қатынаста болуын, кейінгі ұрпаққа осындай достықтың, ауырбіршіліктің нышанын көрсету мақсатымыз.
Сайыс соңында 26-шағын аудан жастары топ жарып, жүлдеге тігілген 250 мың теңгені олжалады. ІІ орын және 150 мың теңге 29-ықшам аудан жастарына бұйырса, үздік үштікті 8-мөлтек аудан тұрғындары аяқтады. Оларға кубок, медаль мен 100 000 теңге берілді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев