Допинг дауы боксшыларға жетті
Тыйым салынған препарат қолданғаны үшін ұлттық құрамадағы Саматәлі Төлтаев пен Абзал Серік енді 3 жыл бойы шаршы алаңға шыға алмайды.
Бұл жөнінде Допингке қарсы орталық мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, Саматәлі 2026 жылдың 31 наурызында, ал, Абзал 2026 жылдың 7 сәуірінде ғана рингке оралады. Еске сала кетейік, Абзал былтыр халықаралық «Elorda Cup» турнирінде 67 келіге дейін салмақта топ жарған болатын. Финалда биыл Ташкенттегі әлем чемпионатында күміс алған Дулат Бекбауовты жеңді. Бұған қоса, жастар арасындағы Азия чемпионы. Ал Саматәлі Төлтаев 60 келі салмақта Азия чемпионатының қола жүлдегері. Сонымен қатар жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс, ал Азия чемпонатының алтын жүлдегері.
Нысана көздеуден ел спартакиадасы
Сұрмергендер Шымкентке жиналды. Бұнда нысана көздеуден Қазақстан спартакиадасы болып жатыр. 4 жылда бір өтетін байрақты бәсекеге 9 өңірден 140-қа жуық спортшы қатысуда. Спартакиада аясында бас-аяғы 27 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Алғашқы күні жылжымалы нысаны көздеу бәсекесі ұйымдастырылып, нәтижесінде жергілікті Фатима Ирназарова топ жарды. Командалық сында да Шымкент құрамасы жеңімпаз атанды. Ал кіші калибрлі тапаншамен нысана көздеуде тағы бір шымкенттік Никита Чирюкин ең үздік нәтижені тіркеді. Ерлер арасындағы командалық сында да Шымкент құрамасы ең жоғары ұпайды жинады. Бұған қоса Алматы, Астана, Павлодар және Қарағанды спортшылары да жақсы өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан табылды. Шымкент қаласындағы спартакиада ертең мәресіне жетеді.
Бублик ширек финалға шыға алмады
Дәл қазір Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында теннистен жылдың басты бәсекесі Уимблдон турнирі өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық Александр Бублик ресейлік Андрей Рублевпен кездесті. Айта кету керек, Александр әлемдік рейтингте 26, ал Рублев 7-орында тұр. Соған қарамастан матч тартысты өтті және 5 кезеңге дейін жалғасты. Қорытынды есеп: 7:5, 6:3, 6:7, 6:7 және 6:4. Яғни екеуі 3 сағат 17 минут бойы өзара мықтыны анықтады. Бублик пен Рублев осымен 6-рет жолығып тұр және жалпы есепте 4:2 нәтижесімен ресейлік теннисші алда келеді. Сонымен Александр Бублик жарыс жолынан шығып қалды. Жерлетсеріміз арасынан енді Елена Рыбакина ғана өнер көрсетіп жатыр және жүлдеге қол созар мүмкіндігі бар. Лондон қаласындағы жарыс 15 шілдеге дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 56 млн 400 мың АҚШ долларын құрайды.
Алексей Луценко жетінші орында
Алексей Луценко жетінші орында. Франция мен Испанияның таулы-қыратты аумақтарында велоспорттан жылдың басты бәсекесі «Тур де Франс» жарысы өтіп жатыр. Биылғы бәсекеге 22 команда, яғни бас-аяғы 176 шабандозы қатысуда. Олар 3 аптаның ішінде 3400 шақырымды жүріп өтуі керек. Кезекті, яғни 9-кезең 182 шақырымға созылды және мәре сызығын бірінші болып канадалық Майкл Вудс кесті. Ол аталған аралықты 4 сағат 19 минутта бағындырды. «Астана» сапынан ең тәуір көрсеткішке Алексей Луценко қол жеткізді. Ол жеңімпаздан 1 минут 36 секундқа қалып, мәре сызығын 7-ші болып кесті. Қазақстандық клубтың тағы бір өкілі Давид де ла Крус кезең қорытындысы бойынша 10-сатыға тұрақтады. Ал жалпы есепте Алексей мен Давид, сәйкесінше,53 және 37-орындарда. Әлемдік аламанның жалпы нәтижесі 23 шілдеде белгілі болады.