«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі өтіп жатыр
Елордада шаһардың 25 жылдығына орай "Астана жұлдыздары" халықаралық шахмат фестивалі өтіп жатыр.
Іс-шараны белгілі қазақстандық спортшы Динара Сәдуақасова басқаратын шахмат академиясы ұйымдастырды. 13 және 14 шілдеде әлемдік деңгейдегі үздік гроссмейстерлер жас шахматшыларға ойын-сауық шараларын өткізеді. Мәселен, бүгін қазақстандық гроссмейстер, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Мұртас Қажғалеев және украиналық гроссмейстер Виталий Бернадский өз шеберлігін көрсетті. Ал ертең қатысушылармен әзербайжандық гроссмейстер Мұхаммед Мурадлы және беларусь гроссмейстері Владислав Ковалев ойнайды. Айта кеткен жөн, "Астана жұлдыздары" халықаралық шахмат фестивалі әлемнің 16 елінен 800-ден астам ойыншының басын қосты.
Рахим Кәрімов, Атырау қаласының тұрғыны:
- Осы турнирде мен гроссмейстер Мұртас Қажғалеевпен ойнадым. Сол кісімен ойнағанда мен ләззат алдым және өте көп тәжірибе жинадым. Мен сол тәжірибемді осы болып жатқан фестиваль турнирінде пайдаланып, жүлделі орыннан көрінсем деген ойдамын.
Мұртас Қажғалеев, халықаралық гроссмейстер:
- Соңғы жылдары елде жас дарын көбейді. Өскелең ұрпақтың болашағы жарқын. Өйткені әлем біріншіліктерінен ешқашан құр қол қайтпайды. Жас шахматшылар ұлттық құрама сапына да қабылданып жатыр. Бұл олардың жоғары деңгейін байқатса керек. Қазақстанның шахмат федерациясының да жұмысы көрініп тұр.