Әзербайжан астанасында нысана көздеуден дүниежүзідік дода басталды

Әлем үздіктері Бакуге жиналды.

Әзербайжан астанасында нысана көздеуден дүниежүзідік дода басталды. Байрақты бәсекеге 101 елден 1200-ге жуық сұрмерген қатысып жатыр. Араларында жерлесетеріміз де бар. Бас-аяғы 26 спортшымыз нысана көздеудің барлық бағытында, яғни, 3 бағытында да жүлдеге таласып көреді. Атап айтқанда, тапаншамен атуда Эльдар Иманқұлов, Валерий Рақымжан және Руслан Юнусметовтан үміт зор. Винтовкамен нысана көздеуде Ислам Сатпаев, Юрий Юрков, Константин Малиновский, ал жылжымалы нысананы көздеуде Бақтияр Ибраев, Андрей Худяков, Фатима және Зухра Ирназаровалар ел абыройын асқақтатуы қажет дейді мамандар. Әлем чемпионатының өзі 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарыс қортындысы бойынша ең үздік нәтиже тіркеген спортшыларға алдағы Париж олимпиадасының жолдамалары беріледі. Бакудегі жарыста 48 лицензияны тарату жоспарланып отыр.