ӘЧ: балуан Жәмила Бақбергенова қола жүлдеге таласады
Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының қола медаліне таласады.
Сербия астанасы Белградта жалауы желбіреген боз кілем бәсекесінде 72 келінің іріктеу белдесулері өтті. Бұған дейін екі мәрте дүниежүзілік біріншіліктің финалына дейін жеткен Жәмила бұл жолы жартылай финалда сүрінді. Бақбергенова 1/8 финалда Еуропа чемпионатының қола жүлдегері кілем иесі Фанни Нагиден басым түсті. Сосын бейтарап спортшы Ксения Бураковадан айласын асырды. Есеп:7:1. Жәмила жартылай финалда Даваансан Энх-Амаринмен белдесті. Сыралғы қарсылас әлемдік сайысқа жақсы дайындықпен келіпті. Бұл жолы моңғол қызының мерейі үстем болды. Биыл көктемде Астанадағы Азия біріншілігінің финалында Жәмила 11:0 есебімен Даваанасанды бет қаратпай жеңген еді. Энх-Амарин алтын медалды америкалық Амит Элормен сарапқа салады. Жәмиланың қола жүлде жолындағы қарсыласы бүгін анықталады.
Қайрат Сағадиев, күрестен әйелдер құрамасының бас бапкері:
- Біз үміт күткен спортшымыз ғой, екі дүркін күміс жүлдегер әлем чемпионатының, Осы үшінші әлем чемпионатында алдында жіберген есесін қайтарады деген үміт болды. Басынан бастап келетін болсақ Жәмила басынан бастап бәрінен өтті. Рейтинг бойынша дүниежүзінде бірінші орында тұрды. Бұл соңғы кзееңнің дайындығында тактикалық-техникалық оқу-жаттығу жиынында тұмаулатқан болатын. Сол төрт күн жаттыулары еш кетті.
Жәмила Бақбергенова Белградтағы бәсекеден кейін бірден Азия ойындарына дайындалады. Ханжоу қаласындағы кешенді сында ол олимпиадалық салмақ - 76 келіде белдеседі. Әлем чемпионатында Жәмиладан бөлек, Алтын Шағаева, Ирина Кузнецова, Елена Шалыгина сынға түсіп, іріктеуден өте алмады.
Футзал: Қазақстан - Румыния 4:3
Қазақстанның атын футзал шеберлері шығарып жүр. Ұлттық құрама 2024 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Кака шәкірттері Алматыда Румыния құрамасын қабылдады. Қазақ жігіттері матч тағдырын алғашқы таймда шешіп тастады. Қарсылас қақпасына қатарынан төрт доп соққан алаң иелері үзілістен кейін арқаны кеңге салды. Қазақстан сапынан Дуглас Жуниор, Альберт Ақбалықов, Эдсон және Біржан Оразов мергендік танытты. Румын ойыншылары жалғыз голмен жауап қатты. Екінші таймда қонақтардың қарқыны күшейіп, есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды есеп:4:3. Қазақстан келесі ойынын 6 қазанда сырт алаңда Әзербайжанмен өткізеді.
Чемпиондар Лигасы: "Бавария" - "Манчестер Юнайтед" 4:3
Чемпиондар лигасының топтық кезеңдегі алғашқы турында жұрт назары Мюнхенге ауды. "Бавария" "Манчестер Юнайтедті" қабылдады. Неміс командасы бірден іске кірісіп, қатарынан екі доп соқты. Алдымен Кейннен пас алған Зане есеп ашса, төрт минуттан кейін Серж Гнабри "Манчестер" қақпасынан саңлау тапты. Үзілістен кейін ағылшын клубы жауап қатты. Биыл қызылдардың жейдесін киген Хойлунн ойынды қыздыра түсті. Алайда қонақтардың үмітін Харри Кейн үзді. "Бавария" шабуылшысы пенальтиден мүлт кетпеді. "Манчестер Юнайтед" сапынан Каземиро белсеніп, есеп айырмасын қысқартқан еді. Бірақ алаң иелері асып-сасқан жоқ. Тель Киммихтің пасына керегіне жаратып, кімнің мысы басым екенін дәлелдей түсті. Соңғы минуттарда Каземиро қарап қалмай, осы ойындағы екінші голын еншісіне жазды. Қорытынды есеп:4:3. "Баварияның" пайдасында.