Ұлттық құрама Ханчжоуға жетті
Бірер күннен кейін Қытай төрінде жылдың басты додасы – Азия ойындары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Байрақты бәсекеге 500-ден аса спортшымыз қатыспақ. Бұл – өзіндік рекорд. Ел намысын қорғайтын қыз-жігіттер 30 спорт түрінен медальға қол созады. Оның 8-інде Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады.
Айта кетейік, Азия ойындары 4 жылда бір рет өтеді. 2018 жылы Индонияда болған дүбірлі додада Қазақстан жалпы есепте 9-шы орынға тұрақтады. Ал биыл бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуіміз керек, - дейді отандық спорттың басы-қасындағылар.
Ханчжоу қаласындай құрлықтық дода 23 қыркүйекте басталып, 9 қазанға дейін жалғасады.
Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қытай елінің Ханчжоу қаласына ұшып келдік. Бірінші чартермен. 7-8 спорт түрінен бүкіл Қазақстанның спортшылары келді. Спортшылар осы жарыста алдарына мақсат қойып келіп отыр. Соның ішінде біздің боксшылар да бар.