Астанада жеңіл атлетикадан халықаралық жарыс өтеді
Әлемнің үздік жеңіл атлеттері Астанаға ат басын бұрады.
27 қаңтарда Азия аумағындағы алғашқы «Ворлд Атлетикс Индор Тур Голд Лэбл» елімізде ұйымдастырылмақ. Турнирдің жүлде қоры 100 мың долларды құрайды. Сайыс, жүгірудің 12 түрі бойынша өтеді. Жүлдегерлер келер жылы, Францияда ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарына жолдама ұтуға мүмкіндік алады.
Павел Кукин, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры:
- Бұндай деңгейдегі сайыстарды өткізу қазақстандық атлеттердің әлеуетін көтеруге көмектеседі. Кейінгі 4 жылда отандық спортшыларымыз ел ішінде 60-тан аса рекорд орнатқаны - нәтижелер деңгейінің өсіп келе жатқанын білдіреді. Ұлттық чемпионаттарға қатысатын спортшыларымыздың саны да 30%-ға артты.
Пирс О'каллаган, World Athletics жарысты ұйымдастыру бөлімінің бастығы:
- Уорлд индор тур жарыстары әлемде 40 жылға таяу уақыт бойы өткізіліп келеді. Нью-Йорк, Бостон, Мадрид, Ұлыбританиядағы Бирмингем және Францияның, Польшаның қалалары секілді Астана да алғаш рет «Алтын» деңгейіндегі сайысты қабылдайды. Бұл жеңіл атлетика үшін маңызды оқиға. Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясымен бірлесе жұмыс істей келе, сіздердің елдеріңізде инфрақұрылымның лайықты деңгейде дамығанын көріп отырмыз.