Жетісу облысында спортшы ауылда тегін армрестлинг үйірмесін ашты
Жетісу облысындағы Қапал ауылында, балаларды армрестлингке тегін үйрететін, жаттықтырушы тұрады.
Өзі ауылдық әкімдікте, бас маман болып жұмыс істейді. Ауыл жастарының арм-рестлингке деген қызығушылығын байқаған ол, 5 жыл бұрын мәдениет үйінің бір бөлмесін жабдықтап, арнайы үйірме ашты. Шәкірттері бүгінде аудандық, облыстық жарыстарға барып, жақсы нәтиже көрсете бастаған.
Қапал ауылының тұрғыны Владимир Чепель 2015 жылдан бері армрестлитгпен айналысады. Өзі қол күрестен спорт шеберлігіне үміткер. Оның аудандық, облыстық жарыстардағы жетістігін көрген ауыл жастары өздерін осы спорт түріне баулу туралы ұсыныс жасаған. Владимир көп ойнанбастан мәдениет үйінің директорынан бір бөлме сұрап алып, балаларды жаттықтыруға білек сыбана кіріседі.
Владимир Чепель, Армрестлингтен спорт шеберлігіне үміткер:
- 2018 жылдан бері осы залды ашып, зал балаларға тегін. Яғни балалар осында келіп, бос уақыттарын өткізеді, тиімді пайдаланады. Жарыстарға апарамыз. Ең бастысы бар ғой, мен ойлаймын да адам өзінің білген нәрсесімен қасындағы жүрген замандастарымен, әріптестерімен, достарымен бөліссе, көмек көрсетсе, бұл үлкен жетістік.
Жаттықтырушы бастапқыда залға қажетті жабдықтарды таппай қиналады. Бірақ ауыл балаларының болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар Талдықорғаннан білекті шынықтыруға арналған блок, тренажер, кір тастарын жеткізіп беріп, қолдау көрсетеді. Ал қол күрестіретін үстелді ауыл ақсақалы Ақылбай аталары жергілікті дәнекерлеушіге жасатып, сыйға тартқан. Қапалдағы армрестлинг сексиясына қазір 21 бала барып жүр.
Ернат Қуанған, оқушы:
- Мен өзім бұрыннан бері өзімнің күшім болды. Кластағы балаларды, сыныптағы балаларды өзім ұта бердім, ұта бердім. Содан қол күрес деген осы жерді білдім өзім. Көктемнен бері қатысып, осы ағайымызбен бірге жарыстарға барып, ауылда да жарыстар жасап, жаттығу жасап, сөйтіп өзімді дамытып жатырмын.
Нұрәлі Нұртай, оқушы:
- Осы жерге мені Ернат алып келді. Ернат қол күреске қатысқаннан кейін мен де қызықтым да, бірге осы жерге Ернатпен келіп, тренировка жасай бастадым. Ағай көптеген тәжірибелер үйретті, техникалар үйретті. Мен басында осы жерге келгенде ешқандай күшім болмады. Ағайымызды өзіміз үлгі тұтамыз. Ағайымызға көп рахмет айтамыз!
Владимир Чепель балаларды тегін жаттықтырумен қатар өз қаржысы есебінен ауылда армрестлингтен жарыс ұйымдастырып тұрады. Жүлде қоры аса қомақты болмағанымен, ол балаларды психологиялық тұрғыдан дамытуға оң әсер етеді. Ең бастысы – іштегі қобалжуды кетіріп, жастарды үлкен жарыстарға барғанда қарсыластан қаймықпауға даярлайды.
Владимир Чепель, Армрестлингтен спорт шеберлігіне үміткер:
- Ең бірінші жарысқа бізге 30-40 мөлшерінде балалар келді. Осы жазғы чемпионатта бізге 60-70-ке жуық бала келді. Біздің былай айтқанда кәмелетке толмаған топтардың ішінен балалар үлкен жарыстарға қатысып, сол жерде жүлделі орындарға ие болып жатыр. Ол да біріншіден, балалардың еңбегі деп ойлаймын.
Владимир Чепельдің ендігі арманы өзі баптайтын ауыл балаларын республикалық, құрлықтық және әлемдік додалардан көру. Оның шәкірттері чемпион атануға қазірдің өзінде дайын деуге болады. Сондықтан Шардара қол күрес мектебі сияқты Қапал армрестлинг клубының да атағы алысқа кететін күн алыс емес. Қапалда 2025 жылы «Аманат» партиясының қолдауымен жаңа спорт кешені салынып, пайдалануға беріледі. "Енді жергілікті билік өкілдері Владимирге жаттықтырушылық штат ашып берсе екен дейміз. Өйткені еңбек бағалануы тиіс -дейді ауыл азаматтары.
Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев